Әкімнің дәстүрлі шыршасы өтті
Әлімсақтан тойланып келе жатқан жаңа жыл мерекесі балалар үшін де ересектерге де жарқын мереке, естен кетпес естеліктер сыйлайтын ерекше күн. Әсіресе, балақайлардың бұл мерекені тағатсыздана күтіп, бірқатары аяз атаға, келер жылға армандарын орындауға хат жазып, жаңа жыл жақындаған сайын күн санапта жүретіні жасырын емес.
Биыл да елімізде балаларға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлау мақсатында жылдағы дәстүрге сай аудан әкімінің шыршасы өтті. Осы орайда аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шараға аудан әкімі Асқар Жүсібалиев пен білім беру ордаларынан 50 бала қатысты. Айта кету керек аталмыш шараға ауа-райының қолайсыздығына байланысты алыс ауылдардан біршама балалар келе алмады.
«Бар жақсымыз балаларға» демекші, аталмыш мереке аясында ауылдық округтердегі кішкентай балапандарды қуанту мақсатындағы аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудандық мәслихат хатшсы Сапарбек Аманжоловтың жетекшілігімен мекеме басшылары әр шеткері ауылдарға арнайы барып, аудан басшысының құттықтауын жеткізіп, сый-сияпаттарын табыс етті. Осылайша, жаңа жыл мерекесінде ескерусіз ауыл, елеусіз бала болған жоқ.
Аудандық мәдениет үйіне жиылған бүлдіршіндерді құттықтаған аудан әкімі өз сөзінде сендер қазірден бастап мектепте жақсы оқып, үздік нәтижеге қол жеткізсеңдер, күні ертең еліміздің айтулы азаматтарына айналасыңдар,- деген мерекелік лебізін білдірді. Сондай-ақ, білім саласында түрлі жетістіктерді бағыныдырып, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда аудан намысын қорғап жүрген біршама оқушыларға өз атынан Алғыс хаттар табыс етті. Және де алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ауданымыздағы білімді де үздік оқушылардың санының арта беруіне тілектестік білдірді.
Биылғы аудан әкімі шыршасына Ақтөбе қаласындағы Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың артистері арнайы шақыртумен келіп, өнер көрсетіп, шыршаның сәнін келтіре түсті. Шырша маңына жиылған бүлдіршіндер де өз өнерлерін көрсетіп, аудан әкімнің сыйға толы мерекелік қоржынын алып, балаларымыз мәз болысты. Шара соңында аудан әкімімен бірге шыршаны шыр айнала ән айтып, би билеп, шаттана қуанып, естелік суретке түсіп мерекелік көңіл күймен тарқасты.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»