Екі жылдың тоғысындағы сұхбат

Қоян жылы жылыстап, ұлу елге келер сәттен бастап, ауылдық округтердің тұрмыстіршілігін, жалпы ауыл тынысын  бағдарлау мақсатында бітер істің қасында жүретін ауыл әкімдерімен хабарласып,  атқарылған жұмыс барысын білген едік.

Орайы келген сұхбатымыздың басын аудандағы шағын ауылдық округтің әкімі Жолдас Қарағұловпен бастадық.

       -Жолдас Серікұлы, тағы бір жыл жылыстап, жаңа 2024 жыл да келіп жетті. Олай болса өткен жылда атқарылған жұмыстар мен жаңа жылда жүзеге аспақшы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

-Дұрыс айтасыз. Жылды қорытындылап, атқарылған іске есеп бере отырып, алдағы жылға қадам басу да  үлкен жауапкершілікті қажет етеді.  Әрине, ауыл-аймақ бір-бірінің жүзеге асырған жұмыстарын біліп отырса артық етпейді. Сондықтан да, өткен жылда не атқардық соған қысқаша тоқталып өтейін. Аталарымыз айтқандай  «Үлкен  үйге керектің бәрі, кіші үйге де керек»,-дегендей, шағын ауылдық округ болсақ та, жасалған жүйелі жұмыстар аз емес. Мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасы аясындағы тапсырмаға сай халық мүддесі, әлеуметтік жағдайын жақсартуға біз де үлес қосып жатырмыз. Аудан жұртшылығына аян, біздің Велихов ауылдық округі Ақтөбе-Орск күре жолынан 4 шақырым жерде орналасқан. Жер көлемі  74,8 мың шақырымды құрайды. Жері шұрайлы ауылдық округте  жалпы тұрғын саны — 348 адам. Тұрғындардың 193-і Велихов  ауылында, ал  155-і Ақжайық ауылында тұрады. Табиғаты жанға шұрайлы Ақжайық деп аты айтып тұрғандай, бұл ауылдың сыртында әсем әуенімен Жайық өзені сылдыр қағып ағып жатыр.

Аудан орталығы Бадамшадан Велихов ауылы 30, Ақжайық ауылы 46 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл  табиғи газдан басқа коммуналдық жүйемен толық қамтылған. Су торабы 8,3 электр жүйесі 35,0 шақырымды құрайды. Айта кету керек,  биыл Велихов ауылында бюджеттен бөлінген 5,080 миллион теңге қаржысына  тереңдігі 50 метрлік  су тазарту қондырғысы іске қосылып, ауыз су тапшылығынан құтылдық. Ауылдық округте 4 ЖШС, 20 жеке кәсіпкер, 10 шаруа қожалығы бар. Округіміз бойынша ауылдың дамыуына, ауданның өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген еңбек адамдары да баршылық. Биыл «Ауыл аманаты»  жобасына ауылымыздан  9 үміткер қатысты. Оның  4-і құс шаруашылығын, 3-і өсімдік шаруашылығын қолға алса, ал 2-і қайта өңдеумен айналысады. Жалпы алғанда ауыл тұрғындары егін, мал, бау-бақшамен айналысады. Жеке кәсіпкерлер мал өнімдерін өңдеп,  ауыл, аудан орталықтарына да апарып, нәпақаларын тауып жүр. Ауданда өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де тұрақты  түрде қатысатындары бар.

Сондай-ақ, Ақжайық пен Велихов ауылдарында медициналық пункттер бар және жедел жәрдем авто көлігімен қамтылған. Және де ауылдық округтер отын-су, жарықпен толық қамтылған. Велихов ауылында талапқа  сай жайлы мектеп бар. Алайда, бала санының  аздығынан болашағы бұлыңғырлау болып тұр. Мәдениет бөлімшесі де мектеп ғимаратында орналасқан. Ауылда мәдени шаралар өткізіліп отырады. Сонымен қатар,  аудан орталығындағы өтетін мәдени, рухани шараға да әрқашан белсенділікпен қатысады. Шағын ауылдық кітапхана да тұрғындар үшін қызмет етеді. Велиховка ауылында «Beeline», Ақжайық ауылында «Аctiv»  операторлары арқылы байланыс желілері қосылып, интернет жүйесі де жұмыс жасайды. Жалпы ауылымыз шама-шарқынша аудандағы бағыт-бағдарламаны  орындауға жүйелі қатысып келеді.

Ауыл халқы үшін жеке кәсібін ашып, бизнесті дамыту мақсатындағы жобалардың пайдасы зор екеніне тәнті болып келеміз. Біздің округтегі мәрмәр кенімен айналысатын «Алина Холдинг» ЖШС-і, ауылшаруашылығы бағытында жұмыс жасайтын «Велиховка» және «Дилэнд» ЖШСрі Ақтөбе-Орскі күре жолынан бастап, Велихов ауылына дейінгі авто жолға  500 тонна мәрмәрдің еленген қиыршық тасын төсеп, жолды жөндеп, ауыл ішіндегі көшелерге де  300тонна қиыршық тас төсеп берді. Оған қоса Айтбай өзенінде орналасқан бөгетке жөндеу жұмыстар жүргізілді, соның арқасында өзенде су денгейі 1 метрге көтерілді. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Айтбай өзенінің жағасына пирс орнатылды.

Сондай-ақ, Ақжайық ауылындағы жол жиегіндегі су құбырлары жөнделді. Жалпы айтар болсам, аулымыздағы «Алина Холдинг», «Велиховка»,  «Ди-Лэнд» ЖШС,  «Қарабұлақ», «Кристина» шаруа қожалықтары қандайда жұмыс болмасын  әрқашан ауыл тұрғындарына көмек қолын созып келеді. Жомарт жандар мерекелік, жыл сайынғы жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясында,  одан да өзге қайырымды істерге белсенділік танытып жүрген кәсіптік ұжымдарға ауыл тұрғындары әркез ризашылықтарын білдіріп отырады.

Қоян жылы атқарылған ауқымды істер аз болмаса да, келер ұлу жылына да жоспар бағыттарымыз өте көп. Сондықтан да, ауылымыздың өркендеп, тұрғындарымыздың жағдайының жақсаруына барды саламыз. Дәл қазіргі кездегі көпшілікті толғандыратын мәселе — көгілдір отын.  Десе де үмітімізді үзбейміз,-деген округ әкімі көпшіліктің тілегін тиек етті.

Иә, расында жасалған жұмыстың бағасын көпшілік, яғни халық бере жатар. Ең бастысы ауыл тұрғындарының тілегі ескеріліп, жақсы өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның  «Құрметті  азаматы»