АУЫЛ АЖАРЫ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК  

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Аталған игі шара ауданымызда да кең қолдау тауып, ауылдық округтерде жүйелі жалғасуда. Көктемгі көркейту жұмыстарына тұрғындармен бірге мекеме қызметкерлері мен кәсіпкерлер де белсенді атсалысып, елді мекендердің келбетін жақсартуға үлес қосуда.

 

 

                           

ШӘМШІ

Шәмші Қалдаяқов ауылында 1493 тұрғын, 380 үй бар. Елді мекенде мектеп, балабақша, амбулаториялық пункт, әкімдік және ауылдық клуб тұрақты жұмыс істейді. Ұжымдар мен ауыл халқы ұйымдасқан түрде ортақ іске жұмылуда.

Округ аумағындағы 14 көше тазартылып, қыс бойы жиналған 80 тонна мал қиы арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар бірнеше көшеден тұрмыстық қалдықтар жиналып, санитарлық полигонға жеткізілді. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер техникамен қолдау көрсетіп, тұрғындар белсенділік танытты.

                   

СТЕПНОЙ

Степной және Қайрақты ауылдарында көктемгі ретке келтіру шаралары тұрақты сипат алған. Мұнда мұндай бастамаларды арнайы ұйымдастырудың қажеттілігі аз, өйткені тазалық сақтау жергілікті жұрттың күнделікті дағдысына айналған.

Мектеп, балабақша, әкімшілік, ауылдық клуб қызметкерлері, кооператив мүшелері және ауыл халқы қоғамдық орындар мен көшелерді ретке келтіруге жүйелі түрде қатысып келеді. Сонымен қатар тұрғындар аула аумақтарын абаттандырып, тал-теректерді әктеп, гүл отырғызу жұмыстарын жүргізуде. Қыстан қалған қалдықтарды шығаруға шаруашылық құрылымдары техникамен көмектесуде.

                                   

ҚОСЕСТЕК

Қазақстан мен Ресей елдерін жалғайтын Қосестек ауылдық округінде көркейту шаралары ерекше мәнге ие. Екі айлық акция барысында көшелер тазартылып, қоғамдық орындар, саябақтар мен арық жүйелері қалыпқа келтірілді. Орск–Ақтөбе күре жолының бойы толық реттеліп, 23 тоннаға жуық қалдық арнайы орынға жеткізілді.

Полигон аумағы жүйеленіп, бұлақ көздері ашылды. Іс-шараларға 350 адам, 12 мекеме және 9 арнайы техника жұмылдырылды. Белсенді жастар Сәрке батыр ескерткіші маңын абаттандырды. Сонымен қатар ауылға 120 түп көшет отырғызылып, 3000 дана петуния гүлі егілді. Орман шаруашылығы тарапынан қосымша 20 көшет тегін берілді.

                           

АЩЫЛЫСАЙ

Ащылысай ауылдық округінде де екі айлық ауқымды шаралар жоспарлы түрде жүзеге асуда. Сәуір айының әр сенбісінде ұйымдастырылған жұмыстарға жергілікті тұрғындар белсенді қатысуда.

Білім беру мекемелерінің ұжымдары өз аумақтарын ретке келтіріп, талдарды әктеді. Ауыл халқы Бауыржан Момышұлы көшесін тазалап, жалғызбасты және қарт жандарға қолдау көрсетті. Көгалдандыру мақсатында 35 қарағаш, 30 үйеңкі, 50 қарақат, 45 акация және қара өрік көшеттері отырғызылды. Бозтөбе ауылында да әлеуметтік нысандар маңы ретке келтіріліп, бұлақ көздері ашылды. Кәсіпкерлердің қолдауымен 1 тоннадан астам қалдық арнайы орынға шығарылды.

Ортақ іске – ортақ жауапкершілік

Туған жердің тазалығы – баршаға ортақ міндет. Аудан көлемінде қолға алынған көркейту шаралары елді мекендердің ажарын арттырып қана қоймай, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын айқын көрсетуде. Бүгінгі еңбек – келешек ұрпаққа таза әрі көрікті орта қалыптастырудың нақты көрінісі

 Бақыт ИМАШЕВ