СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

Көктем келісімен қардың жаппай еруі мен жауын-шашынның артуы су тасқыны қаупін күшейтетіні ежелден белгілі. Осындай табиғи қатердің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар қызметі жыл сайын ерте қамданып, нақты іс-шаралар жоспарын жүйелі түрде жүзеге асырады.
Осы орайда біз аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Аслан Каркуловпен байланысып, дайындық барысын саралап көрдік.
Бөлім басшысының айтуынша, ауданымызда көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Аудан бойынша қажетті материалдық-техникалық қор толық жасақталған. Атап айтқанда, 10 тонна жанар-жағармай, 50 тонна инертті материал, 8 500 қап және 45 мотопомпа әзірленген. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар 2 алюминий қайық пен 10 құтқару кеудешесін дайындап отыр.
Аудандық №13 өрт сөндіру бөлімінің балансында 1 қозғалтқышы бар резеңке қайық, 4 тасымалды мотопомпа, 12 су өтпейтін қорғаныш костюмі, 4 жұп батпақ етігі және 10 құтқару кеудешесі бар.
Инженерлік және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған техникалар да толық әзірлікке келтірілген. Ауданның инженерлік қызметі құрамында 1 ГАЗ-66 автокөлігі, 1 КамАЗ, 6 ассенизаторлық машина, 2 тиегіш, 2 К-700 тракторы және 1 «ТРЭКОЛ» жүк көлігі бар. Қажет болған жағдайда қосымша 10 КамАЗ самосвалы, 10 МТЗ тракторы, 2 тиегіш және 5 ГАЗ-53 автокөлігін жұмылдыру мүмкіндігі қарастырылған.
Қосестек метеостанциясының мәліметіне сүйенсек, 2026 жылы қар жамылғысының орташа биіктігі 34 см (2025 жылы — 38 см), орташа тығыздығы 0,23 (2025 жылы — 0,27), ал су қоры 78,2 мм (2025 жылы — 102,6 мм) болып отыр. Топырақтың қату тереңдігі 70 см-ге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14 см-ге артық. Ақпан айындағы жауын-шашын мөлшері 17,0 мм (2025 жылы — 27,1 мм) болса, қалыпты норма 27 мм-ді құрайды.
Ағымдағы жылдың 25 ақпанында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылып, онда инженерлік қызметтің барлық техникасы дайындығын көрсетті. Сонымен бірге су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды жою бойынша практикалық іс-қимылдар пысықталды.
Қазіргі таңда Бадамша ауылынан 5650 текше метр қар шығарылып, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Қар тазалау шаралары су тасқыны қаупі сейілгенге дейін жүргізіледі. Сондай-ақ төтенше жағдайлар бөлімі ауылдық округ әкімдіктерімен бірлесіп, су басу қаупі бар аумақтарға тұрақты түрде тексеру жүргізуде.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда халықты қабылдап, орналастыру үшін Қосестек, Петропавл және Пацаев атындағы орта мектептер базасында эвакуациялық пункттер белгіленген. Сонымен қатар Бадамша ауылында еріген суды бұру мақсатында нөсерлік кәріз жүйесін салу жұмыстары қолға алынған.
Су тасқынына қарсы инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес, 2025 жылы қарастырылған 5 іс-шара толық орындалды. Нәтижесінде 10,25 шақырым жағалау бекітіліп, 6,7 шақырым арықтар мен каналдар тазартылды.
Бүгінде аудан аумағында су басу қаупі бар екі елді мекен анықталған. Олар — Петропавл және Ш. Қалдаяқов ауылдары. Аталған аумақтарда төтенше жағдайлар қызметінің мамандары білім беру мекемелерінде арнайы түсіндіру сабақтарын өткізіп, тұрғын үйлерді аралау арқылы қауіпсіздік ережелерін кеңінен насихаттауда.
Сондай-ақ, бөлім басшысы аудан тұрғындарына арнайы үндеу жасап, көктемгі су тасқыны кезеңінде әр азаматтың жауапкершілігі аса маңызды екенін атап өтті.
- Құрметті аудан тұрғындары, көктемгі су тасқыны кезеңінде сақтық шараларын қатаң ұстану аса маңызды. Аула аумақтарын, арықтар мен су өткізу арналарының көзін қар мен қоқыстан дер кезінде тазалап, еріген судың жиналуына жол бермеген жөн. Су басу қаупі туындаған жағдайда тиісті қызметтерге дереу хабарлау қажет. Қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау – төтенше жағдайлардың алдын алып, адам өмірі мен мүлкін қорғаудың кепілі.
Сөз соңында халық арасында айтылатын бір тағылымды әңгімеге тоқтала кетсек: бір заманда тасқын су келгенде, көмекке келген жандарға қарамастан «мені Құдай сақтайды» деп әрекетсіз қалған адам ақыры суға кеткен деседі. Мұның мәні – қауіптің алдын алуда тек үмітке сүйенбей, нақты әрекет жасау қажеттігін меңзейді. Сол себепті «бізді біреу келіп құтқарады» деп бейқам отырмай, әр тұрғын өз ауласының тазалығына жауапкершілікпен қарағаны жөн.
«Сақтансаң – сақтармын» деген қағиданы әрдайым естен шығармайық.
Бақыт ИМАШЕВ




