БЕРЕКЕЛІ ӨМІРДІҢ ӨНЕГЕЛІ БЕЛЕСІ

Көктеммен бірге келетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі табиғаттың ғана емес, адам бойындағы ізгіліктің де жаңғырар шағы екені белгілі. Әсіресе, «Наурызнама» онкүндігі аясындағы 17 наурыз – Шаңырақ көтеру күні отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтқан ерекше мереке болды.

Бұл күн қарсаңында өткен тағылымы мол кездесу көпшілікке ой салып, жүректерге жылулық сыйлады.

Аталған күні Бакбергеновтар әулеті өнегелі өмір жолымен елге үлгі болып отырған Өтегеновтар отбасына арнайы барып, ақжарма тілегін жеткізді. Жарты ғасыр бойы бір шаңырақтың түтінін түзу шығарып, береке мен бірліктің символына айналған әулетке көрсетілген бұл құрмет – үлкенге деген ізет пен өткенге тағзымның айқын көрінісі болды.

Кездесу барысында ізгі лебіздермен қатар, өмірлік тәжірибе мен отбасы құндылықтары туралы тағылымды әңгімелер өрбіді. Өтегеновтар отбасының 50 жылдық мерейтойы бір әулеттің ғана белесі емес, тұтас қоғам үшін өнегелі өмірдің жарқын үлгісі екені атап өтілді. Өйткені әрбір тату отбасы – ел тұрақтылығының негізі екені анық байқалды.

Осындай мазмұнды басқосулар жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, сыйластық пен сүйіспеншіліктің, сабыр мен жауапкершіліктің мәнін терең түсінуге жол ашты. Үлкендердің өнегелі өмірі кейінгі буынға қалатын баға жетпес мұра екені тағы бір мәрте айқындалды.

Шаңырақ көтеру күні жай ғана атаулы дата емес, адамдарды жақындастырып, отбасыларды ұйыстырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған рухани көпірге айналды. Мұндай игі бастамалардың қоғамда мейірім мен түсіністікті, бірлік пен берекені нығайтудағы маңызы зор екені көрінді.

Берекесі мен бірлігі жарасқан әр шаңыраққа ұзақ ғұмыр, шаттық пен бақ-береке тілегі білдірілді. Өйткені отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылық, ал оның жылуы – мәңгілік екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Жұлдыз КЕНЖЕ