КЕЛІНДЕР ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕДІ

Қосестек ауылында өткен келіндер сайысында ұлттық салт-дәстүр кеңінен насихатталып, жас келіндердің өнері мен шеберлігі көпшілікке ұсынылды.
Наурыз мерекесіне орай ұлт мұрасын ұлықтап, береке-бірлікті бекемдеуге бағытталған мазмұнды іс-шаралар өткізілді. Солардың бірі – отбасы құндылықтарын дәріптеп, келіндердің өнегелі бейнесін айшықтаған тағылымды келіндер сайысы.
Қосестек ауылдық клубында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 40 жасқа дейінгі келіндер арасында өткен байқау көпшілікке ерекше серпін берді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты шалғай елді мекендерден қатысушылар келе алмағанымен, жергілікті келіндер белсенділік танытып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сайыс қатысушылардың өзін таныстыруымен бастау алып, әр кезең мазмұнға сай өрбіді.
«Өнерлі келін – өрелі келін» бөлімінде олар шығармашылық қырларын танытса, «Шебер қол – береке» кезеңінде қамыр илеудің түрлі тәсілдерін көрсетті. Шаш өру сайысында қазақы нақыштағы өрім үлгілерін ұсынып, олардың мән-мағынасын тарқатты.
Ал «Берекелі дастархан» бөлімінде дастархан әзірлеу мәдениеті мен ұлттық тағамдардың тарихы кеңінен баяндалды.
Сонымен қатар қолөнер бұйымдарын таныстырып, өздерінің икемділігін көпшілік назарына ұсынды.
Қатысушылардың өнерін саралаған қазылар алқасының шешімімен Ақгүл Досембетова бас жүлдені иеленді. Екінші орын Индира Сибагатулинаға табысталса, үшінші орын Гүлнұр Әжимкинаға бұйырды. Шара соңында ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, әсерлі сәттермен тарқасты.
Осындай мазмұнды бастамалар ұлттық болмысты сақтау мен отбасы институтын нығайтуға ықпал етеді. Келіндердің қоғамдағы орны мен жауапкершілігін айқындайтын мұндай басқосулар кейінгі буынға үлгі болып, дәстүр сабақтастығының үзілмеуіне жол ашады.
Тілек БЕГАЙДАРОВ





