БІРЛІК ПЕН МЕЙІРІМ АЙЫ

Қасиетті Рамазан айы — адамзатты ізгілікке, сабыр мен мейірімге үндейтін ерекше кезең. Бұл айда жасалған әрбір игі іс пен қайырымдылық шарасы қоғамдағы бірлік пен жанашырлықты арттыра түсті. Ауданымызда да рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды іс-шаралар кеңінен ұйымдастырылды.

Рамазан айының құрметіне орай аудан мешітінде түрлі рухани кездесулер мен қайырымдылық шаралары өтті. Соның бірі — аудан орталығындағы «Ас-Самиғ» мешітінде ұйымдастырылған тағылымды жиын.

Аталған шараға аудан тұрғындары, ақсақалдар мен жастар қатысып, имандылық пен сабырлықтың маңызы кеңінен насихатталды.

Мешіттің бас имамы Нұрлан Қырықбаев жамағатқа оразаның мән-маңызы мен оның адам тәрбиесіндегі рөлі туралы уағыз айтып, рухани кемелденудің маңызын түсіндірді. Жамағатқа бағыт-бағдар беріп келе жатқан мұндай кездесулер көпшілік тарапынан оң бағасын алды.

Ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың ішінде қайырымдылық бастамалары да ерекше орын алады.

Осы орайда «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Рамазан сыйы» атты марафон өтті. Игі шараға аудан кәсіпкерлері мен жамағат белсенді қатысып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетті.

Шара барысында жамағаттың ұйғарымымен әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін 16 көпбалалы және жалғызбасты азаматқа азық-түлік себеттері таратылып, сауапты іс жүзеге асты. Бұл — Рамазан айының басты құндылығы саналатын қайырымдылық пен жанашырлықтың айқын көрінісі.

Рамазан айы — жан дүниені жаңғыртып, адамды ізгілікке бастайтын қасиетті уақыт. Осындай мазмұны терең рухани шаралар аудан тұрғындарының татулығы мен имандылығын нығайтып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңірері сөзсіз.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерРуханият