КЕМПІРСАЙДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КҮНІ

Наурызнама онкүндігі аясында атап өтілген Қайырымдылық күніне орай Кемпірсай ауылдық округінде ізгілік пен жанашырлыққа үндеген тағылымды шара өтті.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, мейірім мен жанашырлықты насихаттауды мақсат еткен бұл күн ауыл тұрғындарын игі іске жұмылдыра білді. Қайырымдылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі екені сөзсіз. Осы қағиданы берік ұстанған кемпірсайлықтар өткен аптаның жексенбісінде ерекше белсенділік танытып, көпке үлгі боларлық іс атқарды.

                           

Ауылдық округ әкімдігінің ұйытқы болуымен қоғамдық жұмыс қызметкерлері елді мекендегі бес отбасыға арнайы барып, мерекелік дастарқанға арналған дәм-тағамдар жеткізді. Сонымен қатар, жалғызбасты жандардың аулаларын қардан тазартып, тұрмыстық тұрғыда қолдау көрсетті.

Мұндай жанашырлыққа толы әрекеттер ауыл тұрғындарының ризашылығына бөленіп, жүректерге жылу сыйлады. Себебі жақсылық жасау үшін мол дәулет емес, кең пейіл мен шынайы ықылас қажет.

Қайырымдылық күні – адамдарды бірлікке, бауырмалдыққа және өзара қолдауға үндейтін маңызды мереке. Осындай игі бастамалар қоғамдағы ізгілікті арттырып, ұлттық дәстүрдің мән-маңызын тереңдете түсетіні анық.

Кемпірсайда өткен бұл шара – Наурызнама онкүндігінің рухани мазмұнын айшықтаған, көпке үлгі боларлық игі іс ретінде есте қалды.

Бақыт ИМАШЕВ