Ауылдық округтердегі кездесу: Конституциялық өзгерістер талқыланды

Аудан аумағында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» аудандық коалициясының жетекшісі Надежда Заглядова мен коалиция мүшелері конституциялық реформаны қолдау бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ауылдық округтерде жалғастырды. Осы орайда Қосестек және Велихов ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесулер өтті.


Кездесулердің негізгі мақсаты — Қазақстан Республикасы жаңартылған Конституциясы жобасының негізгі бағыттарын түсіндіру, ұсынылып отырған өзгерістердің мәні мен маңызын тұрғындарға жеткізу және олардың пікірлерін тыңдау болды. Коалиция өкілдері конституциялық реформалардың демократиялық институттарды нығайтуға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және мемлекеттің тұрақты дамуына бағытталғанын атап өтті.
Жиын барысында адам капиталы еліміздің басты құндылығы екені айтылып, мемлекет әрбір азаматтың сапалы білім алуына қолжетімділікті және кепілдендірілген медициналық көмекті қамтамасыз етуге міндеттенетіні түсіндірілді. Сонымен қатар еңбекқорлықтың іргелі құндылық ретінде танылуы, еңбек ету құқығы, лайықты еңбекақы алу және кемсітушіліктен қорғалу мәселелері конституциялық деңгейде бекітілетіні атап өтілді.
Коалиция мүшелері жаңа Конституцияда жер мен оның қойнауы, су ресурстары және өзге де табиғи байлықтар халыққа тиесілі екені нақты айқындалатынын жеткізді. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырып, ұлттық байлықтың ел игілігі үшін тиімді пайдаланылуына кепілдік берілетіні айтылды.
Сонымен қатар кездесулер барысында білім беру, ғылым, мәдениет, инновация және цифрландыру бағыттары талқыланып, олардың білімге негізделген экономиканы қалыптастырудағы рөлі түсіндірілді. Мемлекеттің зайырлы сипаты мен діннің мемлекеттік институттардан бөліну қағидаты да кеңінен түсіндірілді.
Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, ауылдық округ тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Коалиция мүшелері барлық сауалдарға жан-жақты жауап берді.
Кездесу соңында тұрғындар азаматтық белсенділік танытып, 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға қатысуға шақырылды.
Қарғалы — АҚПАРАТ