ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» аудандық коалициясының жетекшісі Надежда Заглядова мен коалиция мүшелері конституциялық реформаны қолдау бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастады.
Алғашқы кездесу аудан орталығындағы «София» базарының кәсіпкерлерімен өтті. Басқосу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен таныстырылып, енгізілетін өзгерістердің мазмұны мен маңызы жан-жақты түсіндірілді.
Әсіресе кәсіпкерлермен өткен кездесуде еңбек ету еркіндігін кеңейту, жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Коалиция өкілдері ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер азаматтардың еңбек ету және кәсіпкерлікпен айналысу құқықтарын нығайтуға, экономикалық белсенділікті арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасының еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға негіз болатыны жеткізілді.
Үгіт-насихат жұмыстары одан әрі аудандық балалар өнер мектебінің ұжымымен кездесуде жалғасын тапты. Ашық диалог форматында өткен жиында ұжым қызметкерлері өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, көкейдегі сауалдарын жолдады. Коалиция мүшелері әрбір азаматтың ел дамуына қатысты маңызды шешімдерге белсенді қатысуы – ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
Айта кетейік, жаңа Конституция жобасы Мемлекет басшысына ұсынылып, тиісті қаулы қабылданды. Осыған сәйкес, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізіліп, құжат бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылданатын болады.
Аудан көлемінде ақпараттық-түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Камшат БАЙХАНОВА






