МӘСЛИХАТ ЖҰМЫСЫ – НАҚТЫ НӘТИЖЕЛЕР

Өткен аптада аудандық мәслихаттың 44-ші кезекті сессиясы өтті. Күн тәртібінде аудандық мәслихат төрағасы 2025 жылы атқарылған жұмысы жайында есеп берді.
Жиынға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, депутаттар, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Сессияға дейін Аслан Балғазин мен Жанна Мустафинаның төрағалығымен екі тұрақты комиссияның отырыстары өтіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, аудандық бюджетке өзгерістер енгізу, ветеринариялық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қызметі, сондай-ақ ауданымыздағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту бағытындағы жұмыстар сараланды.
Кезекті сессия отырысын аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов ашты. Сессияның күн тәртібіне енгізілген жеті сұрақ депутаттар тарапынан егжей-тегжей қаралды.
Бірінші мәселе бойынша мәслихат төрағасы 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы депутаттар алдында есеп берді. Өз сөзінде ол өкілді органның негізгі қызмет бағыттарына тоқталып, қабылданған шешімдердің орындалу барысын баяндады. Сондай-ақ, есепті кезеңде 15 сессия өткізіліп, оның ішінде аудандық бюджетті нақтылау мақсатында 11 рет жүргізілген. Жыл бойы 147 шешім қабылданып, оның 69-ы нормативтік-құқықтық сипатта болған. Сонымен қатар, бөлшек салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға төмендету, 2025–2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару жоспарын және коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіту туралы маңызды шешімдер қабылданған. Тұрақты комиссиялар 23 отырыс өткізіп, 111 ұсыныс енгізген. Депутаттар 98 жеке қабылдау өткізіп, 18 депутаттық сауал жолдаған. Әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына, жол, жарықтандыру, сумен қамту мәселелеріне тұрақты мониторинг жүргізілген. Алдағы уақытта депутаттық корпус ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Депутаттар есепті тыңдап, жергілікті өкілді және атқарушы билік тармақтарының өзара тиімді іс-қимылын атап өтті. Талқылау қорытындысында тиісті шешім қабылданды. Сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында депутаттар Рождество—Ақтөбе тасжолында қосымша жол белгілерін орнату туралы ұсыныс етті. Атап айтар болсақ, жылдамдықты шектеу белгісін орнату туралы сауал көтерілді.
Екінші мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арман Искаков баяндама жасап, 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №403 «2026–2028 жылдарға арналған Қарғалы аудандық бюджетін бекіту туралы» шешіміне енгізілетін өзгерістерді түсіндірді. Оның айтуынша, жыл басындағы бос қалдықтар мен мемлекеттік сатып алудан қалыптасқан үнем есебінен 298,3 млн теңге әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, сумен жабдықтау, жарықтандыру, жол жөндеу және коммуналдық қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ. Сонымен қатар, облыс әкімдігі қаулысына сәйкес қаңғыбас жануарларды аулау шаралары мен Бадамша ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне блокты-модульді қазандық салуға қосымша қаржы қарастырылған. Ұсынылған түзетулер депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Сессия барысында үшінші мәселеде Қарғалы ауданы бойынша 2026 жылға арналған шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемелері бекітілді.
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың бұрын қабылданған бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, аудан әкімі жанындағы тұрғын үй комиссиясының құрамын бекіту туралы 2015 жылғы 5 маусымдағы №313 шешімге, Қарғалы аудандық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау туралы 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №111 шешімге, сондай-ақ учаскелік және округтік сайлау комиссияларының құрамдарын бекітуге қатысты шешімдерге түзетулер енгізіліп, жаңартылған құрамдар бекітілді.
Аудандық мәслихаттың 44-ші сессиясы жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды шешімдермен қорытындыланды.
Камшат БАЙХАНОВА








