ТАТУЛАСУ РӘСІМІ- МЕДИАЦИЯ

Қазақстан  Республикасында  «Медиация  туралы» ҚР Заңымен және Азаматтық процестік кодекстің нормаларымен реттеледі.

Медиация қолдануға азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, жеке және (немесе)  заңды тұлғалардың қатысуымен болатын дауларды (қақтығыстарды), сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу барысында туындайтын қатынастарды реттеу кезінде жол беріледі. Бұл ретте медиация  сотқа жүгінгенге дейін де,  сот талқылауы басталғаннан кейін де қолданылауы мүмкін. Медиация рәсімін  бастау үшін  тараптар өзара жазбаша шарт жасасуы тиіс.

Дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеу туралы келісім  жазбаша нысанда жасалады  және оны тараптар немесе мұндай келісімді жасауға арнайы өкілеттігі бар  олардың өкілдері қол қояды. Келісімде  тараптармен келісілген шарттар, оны орындау мерзімі мен тәртібі көрсетілуі тиіс. Маңызды толықтыру ретінде келісімде жауапкердің міндеттемелерін орындауды кейінге  қалдыру  немесе бөліп төлеу туралы шарттар, кейінге қалдыру  немесе бөліп төлеу  мерзімдерді көрсетіле отырып, талап ету құқығын  беру,  қарызды толық немесе ішінара  кешіру не мойындау, сот шығындарын  бөлу, бітімгершілік келісімді мәжбүрлеп орындау шарттары және  заңға қайшы келмейтін өзге  де талаптар қамтылуы мүмкін.

Келісімді бекіту туралы тараптардың  өтініші сот отырысында қаралады. Іс бойынша өндіріс  тоқтатылған кезде сот тараптарға татуластыру рәсімдерін  қолдануға байланысты оның құқықтық салдарын, атап айтқанда, сол  тараптар арасындағы, сол нысана  және  сол негіздер  бойынша дауға қатысты сотқа  қайта жүгіну мүмкін еместігін нақты түсіндіруге тиіс.

Келісім ерікті түрде және келісілген мерзімдерде орындалады. Керісінше жағдайда, мүдделі тұлғаның өтініші бойынша атқарушылық парақ негізінде ол мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Медиатор қызметті кәсіби негізде (кәсіби медиаторлар) де, сондай-ақ қоғамдық негізде  (қоғамдық медиатор) де жүзеге асырылуы мүмкін.

Қоғамдық медиатор қызметін сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде Азаматтық процестік кодекс пен Әкімшілік рәсімдік – процестік кодекске сәйкес судьялар жүзеге асырады.

Айнұр ДЖУНДИБАЕВА,

 Қарғалы аудандық сотының төрағасы