АУДАННЫҢ ҮЗДІК ЖАСТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Жаңа жыл қарсаңында жігер мен жасампаздықты, талант пен табысты тоғыстырған «Жылдың үздік жастары – 2025» атты салтанатты шара жоғары деңгейде өтті.
Аудан жастарының жетістігін ұлықтауға арналған бұл мазмұнды басқосуды аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып, жас буын үшін рухани серпін сыйлаған тағылымды кешке айналдырды.
Маңызды жиынға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мекеме басшылары мен белсенді жастар қатысты. Бұл іс-шарада ұйымдастырушыларымыз жастарға деген сенім мен қолдаудың әрдайым басты назарда екенін атап өтті.
Аудан басшысы белсенді, ізденімпаз жастардың ел дамуына қосып жүрген үлесін жоғары бағалап, олардың бастамаларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, іс-шара барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, оқу, еңбек, шығармашылық және спорт салаларында табанды еңбегімен танылған үздік жастарға марапаттар табыс етті.
Атап айтар болсақ, «Жылдың үздік ауыл жасы» номинациясын Бадамша ОМББ мұғалімі Марғұлан Есеркепов иеленсе, «Үздік өзін-өзі басқару ұйымы» аталымы Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының Мектеп парламенті Артур Нечаевқа бұйырды.
Сондай-ақ, «Жылдың үздік жас мұғалімі» – аудандық балалар өнер мектебінің мұғалімі Ольга Сычева, «Жылдың үздік жас дәрігері» – аудандық аурухана стоматологы Валерия Реймер, «Жылдың үздік жас кәсіпкері» – «Медина» кафесінің иесі Балнур Ермаханова, «Жылдың үздік жас спортшысы» – Бадамша ОМББ мұғалімі, облыстық жарыстардың жеңімпазы Айдын Шибаев атанды.
Бұдан бөлек, «Жылдың үздік шығармашыл жасы» – аудандық мәдениет үйінің әншісі Есет Әлімжан, «Жылдың үздік волонтері» – Бадамша агротехникалық колледжінің студенті Алина Абдрахманова, «Жылдың үздік жас жұмысшысы» – «Тас Пром Трейд» ЖШС газоэлектросварщигі Арсен Дымкаров және «Жылдың үздік мобилографы» номинациясын Ерасыл Егізбаев иеленді.
Үздік атанған жастарымыз арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болған жас көшбасшылар көпшілікке үлгі ретінде ұсынылды. Бұл марапат – тек құрмет қана емес, болашақ белестерге бастайтын сенімді қадам.
Салтанатты кеште «Үздік ауыл жасы» атанған Марғұлан Есеркепов те өз пікірін білдірді. Ол шараның мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға беріп, мұндай кездесулердің тәрбиелік әрі серпін берерлік мәніне тоқталды:
– Бұл кеш – жастардың еңбегін елеп, оларға жаңа күш-жігер беретін тағылымды алаң. Ұйымдастырылуы мен өту деңгейі өте жоғары. Осындай мазмұнды іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, келешек жастарға үлкен серпін береді деп сенемін, – деді ол.
Сонымен қатар, аудандық балалар өнер мектебінің вокал пәнінің мұғалімі, «Үздік жас ұстаз» атанған Ольга Сычёва да кештен алған әсерімен бөлісті. Ол ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, шараның мазмұны мен атмосферасын ерекше атап өтті:
– Іс-шараны ұйымдастырған жандарға шынайы алғысымды білдіргім келеді. Ұйымдастыру жұмысы өте жоғары деңгейде өтті. Айта кетсем, бәрі нақты, креативті әрі жүрекке жылы болды. Ерекше атмосфера мен жаңа таныстықтар үшін рахмет! – деді жас ұстаз.
Кеш шырайын ауданның өнерлі жастары аша түсті. Әсем ән мен әсерлі би көрермен көңілін көтеріп, салтанатты шараның сәнін арттырды. Сонымен қатар, жастардың белсенділігін күшейтуге бағытталған интерактивті ойындар мен танымдық бағдарламалар ұйымдастырылып, қатысушылардың өзара байланысын нығайта түсті.
«Жылдың үздік жастары – 2025» салтанатты шарасы – аудан жастарының бірлігін бекемдеп, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға жол ашқан мағыналы кездесу болды.
Салтанатты шара жайында аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан да өз ойын ортаға салып, жастардың қоғамдағы орны мен бұл кештің маңыздылығына тоқталып өтті.
-Айта кету керек, «Жылдың үздік жастары – 2025» іс-шарасы ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып, жастар еңбегін жүйелі түрде бағалауға бағытталған жаңа әрі маңызды бастама болды. Бұл бастамаға аудан басшылығы қолдау көрсетіп, нәтижесінде жүзеге асырылды. Мұндай тағылымды іс-шаралар жастарға мотивация беріп қана қоймай, олардың әлеуетін ашуға, қоғамдағы белсенділігін арттыруға зор ықпал етеді,-дейді ол.
Осылайша, «Жылдың үздік жастары – 2025» салтанатты шарасы ауданымыздағы жастар саясатының жаңа бір белесін айқындап, жас буынның еңбегін елеп, ертеңге деген сенімін нығайтқан мазмұнды мерекеге айналды. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың өз күшіне деген сенімін арттырып, ел болашағына жауапкершілікпен қарауға жетелейді. Жастарға көрсетілген әрбір қолдау – жарқын болашаққа салынған берік негіз. Ал ауданымыздың талапты да талантты жастары бұл сенімді ақтай алатынын осы кеште тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жұлдыз КЕНЖЕ







