ҚҰТҚАРУШЫЛАРДАН – МЕЙІРІМ МЕН ҚАМҚОРЛЫҚ

Қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, ең алдымен адамгершілік құндылықтарымен өлшенеді. Әлсізге қолдау көрсету, жалғызға жанашыр болу – ұлттың рухани биіктігін айқындайтын асыл қасиеттер. Осы игі ұстанымды ту еткен аудан құтқарушылары мен жастары «Мейірімді аудан» жобасы аясында тағы бір тағылымды іс атқарды.
Жоба шеңберінде жас құтқарушылар жалғыз тұратын қарт әженің шаңырағына арнайы барып, тұрмыстық жұмыстарға көмек көрсетті. Үй ішін ретке келтіру, аула тазалау сынды күнделікті тірлікке қолғабыс жасау арқылы олар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – ұлттық тәрбиенің жарқын үлгісін танытты.
Іс-шара барысында құтқарушылар әлеуметтік қолдаумен ғана шектелмей, тұрғындарға тұрмыстық қауіпсіздік ережелерін де жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігін сақтау, электр құралдарын дұрыс пайдалану, тұрмыстағы сақтық шаралары мен төтенше жағдайлардың алдын алу жолдары туралы маңызды кеңестер берілді. Айта кету керек, мұндай түсіндіру жұмыстары, әсіресе, жалғыз тұратын егде жастағы тұрғындар үшін аса өзекті.
Көрсетілген қамқорлыққа дән риза болған асыл әже құтқарушыларға шынайы алғысын білдіріп, ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарға ақ батасын берді. Ол мұндай игі істердің қоғамдағы мейірім мен бірлікті нығайта түсетініне сенім білдірді.
Аталған қайырымдылық шарасына ауданымыздағы төтенше жағдайлар бөліміне қарасты 13-өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері белсене атсалысты. Атап айтқанда, бөлім бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Ш. Серіков, қарауыл бастығы, азаматтық қорғау лейтенанты Ж. Турабаев, өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты Н. Маманбаев және жүргізуші-қызметкер, азаматтық қорғау старшинасы Б. Есенжолов игі іске өз үлестерін қосты.
Осындай қайырымды бастамалар құтқарушылардың тек төтенше жағдайларда ғана емес, күнделікті өмірде де халыққа жанашыр екенін айқын аңғартады. Қауіпсіздік пен мейірімділікті қатар ұстанған бұл іс-шара қоғамдағы сенім мен өзара қолдауды нығайтып, «Мейірімді аудан» жобасының мән-маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Өйткені мейірім бар жерде – бірлік, ал бірлік бар жерде – береке бар.
Жұлдыз КЕНЖЕ






