“ЖАСТАРҒА КЕҢЕС” АТТЫ НЕТВОРКИНГ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Аудан жастарының құқықтық сауатын арттыру, мәдени ортада өзіндік көзқарасын қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Осы мақсатта “Жастарға кеңес” жобасы аясында В.Пацаев, Қосестек және Ащылысай ауылдарының белсенді жастары бас қосқан мазмұнды нетворкинг кездесу өтті.

Пайдалы ақпаратқа толы басқосу жас буынға бағыт-бағдар беріп, өмірлік маңызды тақырыптарды ашық талқылайтын орта ретінде ерекше әсер қалдырды.

     

Жиынға аудандық мәдениет үйінің директоры Шапағат Аманжол, Петропавл спорт кешенінің жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Құрмашев, сондай-ақ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Бақыт Сүлеймен арнайы шақырылып, жастармен еркін форматта әңгіме өрбітті.

Қонақтар білімге құштарлық, мәдениеттілік, тәртіпке бейім болу және салауатты өмір салтының мәні жөнінде салиқалы ойларын ортаға салып, жеке тәжірибелерінен ой бөлісті.

Кездесу барысында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, құқықтық сауаттылықты арттыру, дұрыс шешім қабылдау, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау төңірегінде нақты кеңестер алды. Спикерлердің ұсыныстары ауыл жастарына мотивация беріп, болашаққа деген сенімін арттырды.

Аталмыш жүздесу жайында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбанның айтуынша, бұл басқосу мамандар мен жастар арасында ашық пікір алмасуға жол ашып, еркін диалог алаңына айналды. Нетворкинг форматында өткен жиын жас буынның белсенділігін арттырып, жаңа идеялар мен пайдалы ақпаратқа толы әсер қалдырды. Сондай-ақ, мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастар арасында  өз нәтижесін бере бермек.

Айта кетейік, “Жастарға кеңес” жобасы ауыл жастарының құқықтық мәдениетін көтеріп қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенді позициясын қалыптастыруға серпін береді.

Жұлдыз КЕНЖЕ