Дін және әдет-ғұрып

Дін адамның рухани қажеттіліктерін өтейді. Адамзат баласын ізгілікке, адамгершілікке бағыттай отырып, оны жаман қылықтардан сақтандырады. Әрдайым Алланың (Құдайдың) бар екенін еске салып отырады.

Ал дәстүр – ұлттың рухани заңдары десек те болады. Адамдардың қатынастарын жазбаша заңдарға дейін ғасырлар бойы салт-дәстүр қамтамасыз етіп келген дейді тарихшыларымыз. Осы ретте елімізде әлі күнге дейін халық арасындағы кейбір мәселелер салт-дәстүр арқылы реттеліп келе жатқанына куә болып жүрміз.

Дәстүр – қоғамда немесе жекелеген топтарда тарихи дәуірлерде қалыптасқан, ұзақ уақыт аралығында сақталған және ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрыптар, мінез-құлық нормалары.

Ежелден халқымыз; адал, арам, обал, сауап деген төрт тағанды тұғыр етіп келеді. Бұл төрт таған – дініміздің талабына ұйып, тыйғандардан тыйылу дейтін тақуалыққа тәрбиелейді. Ұлтымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрін сақтай отырып, тәлімі мен тәрбиесін өскелең ұрпақтың санасына жеткізе айтуымыз керек.

Дәстүр мен діннің арасы туралы бір ауыз сөзбен айту мүмкін емес. Сондықтан біз дін мен дәстүрді ешуақытта бір-біріне қарсы қоюымызға болмайды. Дін мен дәстүрді ұштастыра білген талай ақындарымыз, жыршыларымыз, қара қылды қақ жарған билеріміз бен қазыларымыз ұрпақты ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелей білген.

Қазақта ата-ананың мәртебесін айқындайтын «Алланың разылығы – ата-ананың разылығы», «Жұмақ – ананың аяғының астында» деп келетін хадистермен үндес келген «Бала жетесіз болса, ата-анасын жерге қаратады. Бала жетелі болса, Ата-анасын елге қаратады», «Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар» деген мақал-мәтелдер барысында адамның мінез-құлқын жөнге салып отырған.

Алла Тағала бір аятта: «Раббың Өзіңнен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік жасауларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «уф» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле», – деп бұйырған.

Сонымен қатар қонақжайлылық дәстүрі – халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі. Қонаққа деген құрметтің бір негізі ислам дінінде жатыр. «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтіретін болса, қонағын құрметтесін, жақсылық күтсін» деген екен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). Халқымызда «Үй баласымен ажарлы, қонағымен базарлы», «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал», «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген ғибратты мақал-мәтелдері – дін мен дәстүр сабақтастығының дәлелі болып табылады.

Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» – деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.

Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады.

Ислам ғалымдарының бірі Имам ибн Ғабидин: «Ислам шариғатында, «әл-ғурф» (ғұрып) және «әл-ғада» (әдет) деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салт пен дәстүрді айқындайтын үкімдер бар» -деген.

Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Әдет және ғұрыпқа орындалатын өзіндік арнайы шарттары бар.

Салт-дәстүр – Құран мен Сүннет мәтіндеріне және ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарама-қайшы келмеуі тиіс. Сонымен қатар, салт пен дәстүр, сирек кездесетін емес, кең тараған және бізге бұрынғылардан жеткен, қазіргі таңда да қолданыстағы дәстүр болуы қажет. Өйткені, салт-дәстүр уақыттан-уақытқа, халықтан-халыққа ауысып келе береді.

А.САПАР,

 «Ихсан» орталығының теолог маманы