ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСЫ

  Әлеуметтік сала – қай елде болсын ең өзекті бағыттың бірі. Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан оқиғалардың басым көпшілігі осы əлеуметтік мəселе төңірегінде туындап жататыны белгілі.  Десе де қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуде әлеуметтік сала мамандарының еңбегі ерекше.

            Әлеуметтің әлеуетін көтеру мен халықтың жұмыспен қамтылуы – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта аудандық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Бижановамен тілдескен едік.

-Айгүл Оралбекқызы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған Жолдауларында әлеуметтік саланың маңызы әрқашанда кезектен түскен мәселе емес. Сондықтан да, жалпы аудандық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маңызы мен  атқарылған  жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?

         — Сауалыңыз орынды. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді және жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді, уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырады.
Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бір сөзбен айтқанда, халықтың ілеуетін көтеру мақсатында қызмет жасайды.

Бөлімде атқарылып жатырған жұмыстар легі жетерлік. Барлығының мақсаты жұмыссыздықты жою. Ауданда «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» аясында жыл басынан 1871 (жосп. 2145 адам) жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды жұмыспен  қамтудың  белсенді  шараларына тартылды.

-Ауданымыздағы әлеуметтік көмектің жүргізілуі қалай?

— Құрамында 195 адамы бар 42 кедейлік шегінен төмен тұратын аз қамтылған отбасына  10923,1 млн. теңге көлемінде Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының 1 жастан 6 жасқа дейінгі 56 баласына 1728,4 млн. теңгеге топтама орнына қосымша ақшалай төлем (әр балаға 1,5 АЕК 5175 теңге мөлшерінде) аударыла бастады.

Сонымен қатар, 1 отбасына  4,8 мың. теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалды. Және де жергiлiктi өкiлді органдарының шешiмдерiне сәйкес мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы қосымша әлеуметтік көмекті жыл басынан көмек  810  адамға  55810,0 мың.теңгеге көрсетілді.

         — Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – елдегі маңызды мәселелердің бірі. Ендеше, осы бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

— Қазіргі таңда ауданымызда 502 мүмкіндігі шектеулі жандар  тұрады. Оның 64-і  мүгедектігі бар балалар (оның ішінде 1 топ –34, 2 топ –189, 3 топ –215).

Әлеуметтік қызметтер порталында мүгедектігі бар адамдар қызметтің 55 түрін алуда. Ағымдағы жылдың 1 қазанына  408 адамды қамту талап етіліп, оның 379 адамы (92,9%) техникалық оңалту құралдарымен және санаторлы-курорттық сауықтырумен қамтамасыз етілді.

Бұдан басқа, арнаулы әлеуметтік қызметтер үй күтімі жағдайында 7 мүгедектігі бар балаларға және 84 жалғыз басты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға  қызмет көрсетуде.

Биылғы жылы ауданда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Инватакси» қызметі 50 ерекше жандарға қызмет көрсетіліп, жергілікті бюджеттен 10649,9 млн.теңге қаражат бөлінді.

 

 

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.