ЖЕРЛЕСІМІЗ МӨЛДІР — ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ЕКІ ДҮРКІН ЧЕМПИОН!

Жерлесіміз Мөлдір Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан жеке есепте де, командалық есепте де алтын медаль иеленіп, екі дүркін чемпион атанды.
Тоғызқұмалақтан халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген жерлесіміз Мөлдір Серікқызы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында топ жарып, қоржынына тағы екі алтын медаль қосты. Ол жекелей және командалық есепте жеңімпаз атанып, дүбірлі додада төрт мәрте чемпион атанған спортшы ретінде есімін тарихқа тағы бір мәрте жазды.
31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. Әлемнің 113 елінен үш мыңға жуық спортшы қатысқан дүбірлі бәсекеде ұлттық спорт түрлерінен мықтылар анықталды. Байрақты додада Қазақстан құрамасы 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль еншілеп, жалпы 74 жүлдемен жалпыкомандалық есепте жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – ұлттық спортты ұлықтап қана қоймай, түркі халықтарының салт-дәстүрі мен мәдениетін кеңінен насихаттайтын ірі халықаралық жоба. Биылғы жарыс аясында спортшылар аударыспақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, тоғызқұмалақ, мангала, арқан тартыс, ат спорты, самбо және басқа да ұлттық әрі этникалық спорт түрлерінен бақ сынады.
Осындай дүбірлі додада Қазақстан құрамасының сапында ауданымыздағы Бадамша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Пацаев атындағы орта мектептің түлегі Мөлдір Серікқызы да ел намысын қорғады. Тоғызқұмалақтан шеберлігін танытқан жерлесіміз жекелей сында да, командалық бәсекеде де қарсыластарынан басым түсіп, екі алтын медальға қол жеткізді.
Бұл – Мөлдірдің Көшпенділер ойындарындағы алғашқы жеңісі емес. Осыдан екі жыл бұрын Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да ол жекелей және командалық есепте топ жарып, қос алтынды қанжығалаған болатын. Елеулі жетістігі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, Мөлдір «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын.
Ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақтың мәртебесін халықаралық деңгейде асқақтатып жүрген спортшының қоржынында бұдан бөлек те толымды жетістіктер бар. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Қазақстан чемпионатының бес дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері.
Жерлесіміздің кезекті жеңісі – аудан спортының мерейін асырып, жас спортшыларға жігер беретін жарқын жетістік.
Жұлдыз КЕНЖЕ




