НҰРЖАННЫҢ ЖЕҢІСТІ ЖОЛЫ

Орал қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының Чемпионатында жерлесіміз Нұржан Бисенов І орын иеленіп, жеңімпаз атанды.
Ел абыройын асқақтататын спорт додаларында жерлестеріміздің жеңісі – туған өлкенің мерейін өсіретін қуанышты жаңалық. Әсіресе, ел чемпионатында үздіктер қатарынан көріну – спортшының тынымсыз еңбегі мен табандылығының нәтижесі. Бұл жолы Нұржан татамиде шеберлігін дәлелдеп, ел чемпионатының жеңімпазы атанды.
Орал қаласындағы «Жайық» спорт кешенінде 29 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Төрт күнге жалғасқан бәсекеде еліміздің әр өңірінен келген мықты спортшылар жекелей және аралас командалық сайыста бақ сынап, татами төрінде өзара үздікті анықтады.
Биылғы ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар, Қазақстанның 17 өңірінен барлығы 541 дзюдошы қатысты. Осындай ауқымды додада бақ сынаған жерлесіміз, Бадамша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Нұржан Бисенов 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті. Нәтижесінде ол чемпионаттың І орын жүлдесін иеленіп, Қазақстан чемпионы атанды.
Бұл – спортшының жүйелі дайындығы мен татамидегі тәжірибесінің жемісі. Дзюдо әлемінде қарсыластың әр қадамын дәл бағалап, шешуші сәтте дұрыс әдіс қолдану аса маңызды. Нұржан жарыс барысында өзінің спорттық шеберлігін, төзімділігі мен жігерін танытып, ел біріншілігінің алтын тұғырына көтерілді.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионаты – ересектер арасындағы республикалық спорт күнтізбесіндегі маңызды әрі жоғары деңгейдегі жарыстардың бірі. Дода нәтижелері алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын Қазақстан ұлттық құрамасының сапын жасақтауда ескеріледі.
Нұржан үшін бұл жеңіс – алғашқы биігі емес. Ол бұған дейін де халықаралық деңгейдегі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүрген тәжірибелі спортшы. Кезекті ел чемпионатындағы алтын медаль оның спорттық жолындағы маңызды жетістіктерінің қатарын толықтырды.
Жерлесіміздің бұл жеңісі – Бадамшадағы спорт мектебінің шәкірттеріне үлгі, жас спортшыларға жігер беретін жарқын нәтиже. Татамиде топ жарып, ел чемпионы атанған Нұржанға алдағы бәсекелерде де сәттілік серік болып, көк туымызды халықаралық ареналарда биікте желбіретер жеңістер тілейміз.
Жұлдыз КЕНЖЕ





