ЖЕРЛЕС ЖАУЫНГЕРЛЕРДІ ЕСКЕ АЛДЫ

ЖЕРЛЕС ЖАУЫНГЕРЛЕРДІ ЕСКЕ АЛДЫ

Тарихқа жүгінсек, 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес Одағы әскерінің шектеулі контингентінің соңғы бөлімшелері Ауғанстан жерінен шығарылды. Облыстағы интернационал жауынгерлер жыл сайын бұл күнді атаусыз қалдырмайды.

Осы атаулы күнге орай Қарғалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері көрме дайындап, экскурсия ұйымдастырып, тарихи-танымдық шара өткізді. Қатысушылар әуелі Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шара барысында Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, аудандағы жауынгерлердің музейге қойған жәдігерлері, яғни, тұтынған жеке заттары таныстырылды. Сондай-ақ музей қорында жинақталған құжаттық деректер арқылы қайғы мен қасіретке, батырлық пен батылдыққа толы он жылға созылған зұлмат соғыстың зардабы, жерлес жауынгерлердің Отан алдындағы борыштарын өтеудегі ерліктері туралы мәлімет берілді.

Аталған музей қызметкері Қымбат Тасымова шараның мәні мен маңызына кеңірек тоқталып, осы іс-шараға қатысқан Бадамша агротехникалық колледж студенттері мен №2 Бадамша орта мектебінің 5 «ә» сынып оқушыларына жылы лебізін білдірді. Деректерге сүйенсек, Қазақстаннан бұл майданға 22 мыңнан астам жауынгер тартылды. Оның 924-і соғыста ерлікпен қаза тапса, 20-дан астамы хабар-ошарсыз жоғалып кетті. 3 мыңнан астамы елге мүгедек болып оралды.