ЖЕЛТАУ  —  ЖЕТІСТІГІ МОЛ  ӨҢІР

Бұл жолғы сөз еткелі отырған округ картоп өсіруден ежелден елге танымал өңір.

Жыл сайын Желтау ауылдық округінде тіршілік жанданып келеді. Осы орайда ауылдың тыныс-тіршілігін білмекке округ әкімі Азамат Рзагуловпен хабарласқан болатынбыз.

-Азамат Рашидұлы, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен жалпы ауыл тіршілігіне тоқталып өтсеңіз?

-Ауылдық округтің орталығы — Петропавл ауылы. Округтің жер көлемі — 37833 гектар. Ауыл шаруашылығына пайдаланатын жер телімі — 33893 гектар, соның ішінде – 25143 га жер жайылымдық, егістік алқаптары — 11802 гектар. Осы жердің игілігін көріп отырған 102 жеке қожалық, 6 ЖШС, 27 шаруа қожалықтары еңбек етуде.

Өткен 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына 12 адам қатысып, 15 жоба бойынша 80 миллион 032 мың қаржы игерілді. Оның ішіндегі 7 жоба мал шаруашылығына, 1 жоба құс өсіруге, сондай-ақ, қайта өңдеу саласы бойынша 2 жоба, өсімдікпен айналысуға 1 жоба, шағын және орта бизнес бағытына 4 жоба мақұлданып іске кірісіп кетті.

Өткен жылы ауыл көшелері жөнделіп, жарық шамдары да жаңартылды. Ауылдықтар «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсене қатысып, тазалық жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 30 тоннадан астам қоқыс жиналып шығарылды. Бұл республикалық экологиялық жобаға мекемелермен қатар ауыл тұрғындары да белсене қатысты. Әсіресе, техникасымен көмек көрсеткен «Алма» шаруа қожалығына өзімнің және де ауыл тұрғындарының атынан ризашылығымды білдіремін.

Сонымен қатар, өткен жылдың соңында тұрғындарды қуанышқа бөлеген жағымды жаңалықтардың бірі — баспана мәселесі. Осы орайда ауылымыздағы екі көп балалы отбасына жаңа тұрғын үйдің кілті табыс етілді.

Ал енді биылғы жылы  Абай, Қарғалы көшелеріне асфальт төселіп, Целинная, Достық, Абай, Сейфуллин  көшелері түнгі жарық шамдармен толық жарықтандырылмақшы. Петропавл ауылы Ақтөбе-Орск бағытына кірер күре жолды толық жөндеу мақсатында облыстан қаржы сұрап отырмыз. Сонымен қатар, жылдағы үрдіс бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы жалғасын тауып, экологиялық акция аясында ауылға тазалық жұмыстары жүргізіліп, қоқыстардан тазартылып, жасыл желекке айналдыруды қолға алудамыз. Өткен жылда жүзеге асырылған жұмыстар аз емес. Десе де әлі де жалғасын табатын жұмыстар да жетерлік. Жоспарлы түрде кезең-кезеңімен қолға алынып, алдағы уақыттың еншісінде жүзеге аспақ. Көп нәрсе қаржыға байланысты. Солай десек те, ауыл тұрғындары болып біріксек,  бәрі де қолдан келетін іс. Ең бастысы ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі артып, береке орнаса, ауылымыз да көркейе бермек.

Расында, халқымыз ежелден-ақ ауылды алтын бесік деп атаған. Ауыл ажары ынтымақ бірлігі, ырыс-несібесі жарасқан қарапайым халық пен шаруасы шалқыған еңбеккерлер. Жетістігі мол Желтау өңірінде халық игілігі үшін атқарылған жұмыстар аз емес, алайда бағасын берер халық.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»