Жазылған жайдың жалғасы…

Шілде айы шабындықтың қызған кезі. Малдың қамын ойлаған шаруалар шабындықтың шөбін ысырапсыз жиып теруде. Біз де шама келгенше хабарласып, мән-жайды біліп хабардар етудеміз.

Бүгінгі жазбамыз Велихов, Кемпірсай, Ащылысай ауылдық округтерінің шабындықтағы еңбектері жайында болмақ.

Велихов ауылдық округіндегі шабындық науқанында 1 ЖШС-гі мен 6 жеке қожалық жұмыстануда.  Солардың бірі  «Димаш» жеке қожалығының басшысы — Сағид Сисенғалиевпен хабарласқан едік.

Шабындыққа шалғы түсіп, шаруалар төрт түліктің қысқы жем-шө­бін дайындау қамына кіріскен сәтте арнайы уақыт бөліп, еңбектерімен бөліскені үшін ризашылығымды білдіремін. Расында, қазір дала төсі гүрілдеген трактор, дүбірлеген қызу еңбек үстінде.

— Шабындықтың басы жауын-шашынды басталғанымен, қазір күн ашық, шаруаларға қолайлы кез. Құлашты кеңге сермеп, әр сәтті ысырапсыз пайдаланып, қамданып жатырмыз. Біз  қазір 7 адам  күшін жұмылдырып, 1 Джон Дир шөп шабатын  комбайнымен және де 6  бірлік  техникамен жұмыс танудамыз. Сондай-ақ, оның ішінде шөп дайындауға қажетті Беларус тракторының одан басқа да  техникаларды пайдалана отырып, бір рулоны 325 келі шамасында 3 мың  тоннадай қыстық азықты қамдадық,-дейді жеке қожалық иесі.

Кемпірсай ауылдық округі де шабындыққа белсене араласуда. Шабындықтың бел ортасында жүрген ауыл азаматы «Спутник» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің  жетекшісі — Руслан Бижановтың әңгіме желісін жеткізсек.

Бұл ауылдық округтегі шөп шабу науқанына 4 шаруа қожалығы үлес қосуда. Руслан жетекшілік ететін «Спутник» кооперативі егін, мал шаруашылығымен қатар, өздеріне  қарасты 1500 гектар жерден қысқа шөп дайындаумен айалысады. Биыл 4 адам мен шабындыққа 1 комбайн, шөп шабатын, оны буатын, таситын қажетті техникаларды тиімді пайдалана отырып, белгіленген жердің 100 гектарынан 200 рулон шөпті тайлап, 100 рулонын қыстақ басына тасып үлгерген. Күн ашық болса, жуықта жиып-теріп бітетіндерін де жеткізді.

Ал Ащылысай ауылдық округіне қарасты Бозтөбе ауылының шаруа қожалықтары мүмкіндікті толық пайдалануда. Бозтөбенің баурайында ауылшаруашылығымен айналысатын   9 шаруа қожалығы бар десек, жылдағы кәсіптеріне сай бәрі де шабындық алқабында.

Солардың бірі осы ауылдың тумасы, 2011 жылы «Белый» шаруа қожалығын ашып, егін, малмен қоса шабындықпен айналысып жүрген иесі —  Юрий Белый. Ол биылғы шабындыққа тыңғылықты кіріскен қожалықтың бірі. Есепке қарағанда 4 адам және 3 техникамен 12 мың  бума шөп дайындап, әр қайсысының салмағы әр қалай дайындалатындықтан тоннаға шаға алмай, тыңғылықты іс атқарғандарын айтты.

Жалпы Бозтөбелік шалғында жүрген шаруа қожалықтарына 28 адам жұмылып, 20 шабындық техниканың күшімен еңбек еңбек етуде. Олар 12500  тонна шөп шауып, өздерін толық қамтып болған соң, ауылдастарына да 3,5-4 мың тонна шөпті қол жетімді бағамен үлестіріп беретіндерін де жеткізді.  Қазір сол мақсатта зор серпінмен еңбек етуде.

Күн ашық, жарықта деп басталған әңгімеміз, біз газетке материал дайындағанша, дәлірек айтқанда өткен аптаның сәрсенбісінен бастап, біздің ауданда ауа-райы жауын-шашынды болып, шаруаларға қолайсыздық тудыруда. Дегенмен де, арты ашылып, жиған-тергеніміз бұйырар деген үміт мол.

Бақыт ИМАШЕВ

Тегтернауқан