«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЕҢБЕК ЖАСАҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНУДА
Елімізде жастар саясаты басым бағыттарға ие. Бұл бағытта көптеген игі бағдарламалар өз жемісін беруде. Солардың бірі «Жасыл ел» бағдарламасы. Бұл жоба 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жалынды жастардың көмегімен бастау алған аталмыш жоба 19 жылдан бері жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Осы орайда ауданымыздағы «Жасыл ел» еңбек жасағының атқарып жатырған жұмыстарын білу мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбанмен әңгімелескен едік.
-«Жасыл ел» жобасының жалпы мақсаты мен міндеттеріне тоқталып өтсеңіз?
-Бұл «Жасыл ел» жобасының негізгі мақсаты мен міндеті жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу, табиғатты аялауға, өзгеге өнеге болуға шақыруды көздейді. Сондай-ақ, жастарымыздың күшімен елімізді көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар олардың Отанға, туған жерге деген махаббатын, патриоттық сезімін ояту. Ең бастысы – жастардың бос уақытын еңбекпен, тиімді өткізуге баулу және де еңбек ете отырып, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік береді.
-Олай болса жоба аясында ауданымызда қанша жас жұмысқа тартылды?
-Бұл жоба – тек еңбексүйгіштікке тәрбиелеп қана қоймай, достық ортаны да қалыптастыруға, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жоба. «Жасыл ел» еңбек жасағы осы жылы маусым айынан бастап қызу жұмысқа кірісті. Жоба аясында 23 жас ауданымыздағы құрылыс және жөндеу бағытында тер төгіп келеді. Биылғы жылы ауданымызда 35 жасты маусымдық жұмысқа тарту жоспарланған.
— Бағдарлама бойынша жұмыс мерзімі қанша уақыт?
— Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыстар басталып та кетті. Бағдарлама аясында «Жасыл ел» сарбаздары қыркүйек айына дейін маусымдық жұмыстарға тартылып, қосымша мәдени-көпшілік, спортық және т.б. іс-шаралармен қамтылады. Жыл қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, алғыс хаттармен марапатталады.
-Олар қазіргі таңда қандай жұмыстар атқаруда?
-Жоспар бойынша жастар бекітілген кестеге сәйкес ай сайын жұмыс атқаруда. Осы жылғы ерекшелік — жастар құрылыс және жөндеу жұмыстарына қатысып, жақсы тәжірибе алатынына сенімдіміз. Маусым айында «АК-БИ», «Бабек-Құрылыс», «Баспана Билд» ЖШС-мен келісім шарт жасасып, жастарымыз өз жұмыстарын бастап кетті.
—«Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысына жастар қалай іріктеліп алынды?
—Бұл игілікті бағдарламаға жыл сайын үн қатып, қолдау білдіруші жастарымыздың қатары артып келеді. Биыл да аудан жастары өздері қызығушылық пен белсенділік танытып, сәуір-мамыр айларында өздері келіп тіркелді. Олар бір ай жұмыс жасайды, одан соң басқа жастарды жұмысқа тартамыз.
-Биыл мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?
—Әрине, бұл ең алдымен мемлекет тарапынан қолдау тауып отырған бағдарлама. Жастарымыздың еңбек етулеріне қарай жалақысы да төленеді. Еңбекақылары да жылдан жылға өсіп келеді. Оған қоса мемлекет тарапынан киім формасымен де қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, биыл аудан басшылығы мердігер компаниялармен сөйлесіп, аудан жастарының «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтылуына ықпал етті.
«Жасыл ел» жасағының жігерлі жастарының жоба аясында пікірлерін де білген едік. Көңілді ортамен араласып, қосымша қаражат тауып жүрген жастың бірі — Мирас Қайыржан.
—Жасым 16-да. №2 Бадамша орта мектебінің 10 сыныбын тәмамдадым. Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешеніне тізімге еніп, «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамында жұмыс жасап келемін. Біздің сарбаздар кешеннің ауласына тас төсеу жұмыстарына қатысып, қазір шөбін жұлудамыз. «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс жасау мен үшін жаңа мүмкіндіктерді аша білді. Және де мен үшін бұл өмірдің үлкен мектебі деп айтсам да болады.
Сондай белсенді жастарымыздың бірі – Ангелина Фалеева да өзінің лебізін білдірді.
-«Жасыл ел» — бұл жұмысқа орналасып, табыс табу ғана емес, сонымен қатар, жастарды еңбекке тәрбиелей отырып, өз Отанын сүюге баулу. Еңбек жасағына қосыла отырып, мен ұжыммен бірге жұмыс жасаудың артықшылықтарын түсіндім. Жаңа ортада жаңа адамдармен танысып, достық қарым-қатынас орната білдім. Біз бірге өзіміз бен Отанымыздың жарқын болашағы үшін еңбек етудеміз.
Әңгімелескен Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА