Жастардың басын қосқан — «Syraq Quiz»
Өткен жылдың жазында тұңғыш рет жаңалық жаршылары жастар орталығының ұйымдастыруымен «Syraq Quiz» ойындары өз бастауын алған болатын. Жастардың білімге құштарлығын, белсенділіктерін арттыратын ұшқыр ой сайысы биыл да жалғасын тауып, оның ең алғашқысы аудандық кітапхананың «Коворкинг» залында өтті.
Жұртшылықты әп-сәтте еліктіре кеткен «Quiz» ойындарының түпкі мақсаты қандай? Қазір «білекті – бірді, білімді – мыңды жығар» деген мақалдың әділдік құрған заманы. Бұрын теледидардан қызықтап көрген «Миллион кімге бұйырады?», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сынды бағдарламалардың типологиясы шынайы өмірге өткелі қашан.
Ақтөбеде де «Quiz» ойындары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бәрінің мақсаты бір – жастардың ой-өрісін, білімін жетілдіру, бос уақытын тиімді өткізуге жәрдемдесу. Осы орайда Коворкингте ұйымдастырылған сайысқа 4 команда қатысты. Аталмыш сайыстың тақырыбы қазіргі кезде миллиардтардың назарын жаулаған EURO-2024 жайында болды.
Ойын басында орталық басшысы Мейіржан Жұбан елімізде жастарға арналған “Keńes syilygy” жобасымен қатысушыларды таныстырып, жастар кеңесінің сыйлығына үміткер ретінде қатысуға шақырды.
Жұртшылықтың жоғары қызығушылығына ие болған сайыс 3 турдан құралып, қатысушы командалар өз білімдері мен белсенділіктерін ортаға салды. Өзінің ұшқыр ойымен көпшілікті көңілді күйге бөлеген жүргізуші, аудандық кітапхана әдіскері Қанат Қартбаев түрлі логикалық сұрақтар қойып, ойынды одан әрі қызықтыра түсті.
Нәтижесінде, “Әкімдік жастары” жеңімпаз атанды. Ал жүлделі ІІ орынды Бадамша ОМББ, ІІІ орынды аудандық мәдениет үйінің жастары иеленді.
Қазіргі қоғамда ақылды, жан жақты дамыған, білімді, үнемі ізденісте болу жастар арасында сәнге айналды. Сондықтан да, жастардың арасында кең тарала бастаған интеллектуалдық сайыс ойы ұшқырлардың бас қосатын бірден бір ортасына айналып келе жатқаны қуантады. Ал осы ретте «Quiz» ойындары белгілі бір ақпараттарды қорытуға, адамдарға өзіңді дәлелдеуге, мықты екеніңді мойындататын орта десек те болады.
Жұлдыз КЕНЖЕ