Жастарды жігерлендірген сайыс
Өткен аптада Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен орталық паркте оқушылар мен студенттер арасында шаңғы көпсайысынан жарыс өтті.
Бұл сайыс кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Жарыстың мақсаты — жастарды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға белсенді тарту, шаңғы спортын насихаттау және одан әрі дамыту.
Осылайша, 3 адамнан құралған топ мүшелері шаңғымен жүру, автоматты шашып-жинау, нысанаға дәл ату бөлімдері бойынша өзара сынға түсті. Жарыс нәтижесінде Бадамша ОМББ жеңімпаз атанса, Бадамша агротехникалық колледжі мен №2 Бадамша ОМ ІІ мен ІІІ орындарды иеленді.
Сондай-ақ, айта кететін жайт аталмыш жарыс алғашқы әскери дайындық ұстаздарының қолдауымен өткізілді. Сайыс соңында жеңімпаздар мен «Үздік шаңғышы», «Үздік мерген» және «Үздік сарбаз» номинацияларына ие болған қатысушыларды аудандық жастар ресурстық орталығы арнайы дипломдармен және де естелік сыйлықтармен марапаттады.
Осы орайда «Үздік шаңғышы» мен «Үздік сарбаз» номинацияларын қатар жеңіп алған Тимур Гусманов:
— Бүгінгі жарыс өте қызықты да тартысты өтті. Маған шаңғы сайысы өте қатты ұнады. Жалпы алдағы уақытта да осындай деңгейде жарыстар көбірек өткізілсе деген тілегім бар. Өйткені, қысқы спорт түрлері жастардың салауатты өмір сүру салтына пайдалы және де спортпен шұғылданатын көптеген достар табуға болады,-дейді.
Жұлдыз КЕНЖЕ.