Отбасылық құндылықтың маңызы

Отбасылық құндылық дегеніміз не? Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, бұл ұғымның ауқымы анағұрлым кең. Өйткені отбасы – үлкен институт, қоғамның, мемлекеттің тірегі. Қазақ: «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтқан емес. Отбасы – адамды жақсылық жасауға үйрететін ең бірінші әлеуметтік ортасы. Былайша айтқанда, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» ұғымының мағынасына саяды. Егер отбасының түтіні түзу ұшпаса, ұрыс-жанжал, әлеуметтік жетіспеушілік, өзара жарасым болмаса, ондай отбасыдан береке қашады. Ондай отбасында тәрбиеленген баланың ішкі сана сезімі бұзылып, психологиялық жарақат алады. Ертең қоғамдық ортада түрлі қиындық тудыратын, әлеуметтенбеген «өгей» ұрпақ өседі.

Демек, отбасылық құндылық дегеніміз – екі адамның (ерлі-зайыптының) жарасымы, сүйіспеншілігі арқылы жүзеге асып, балаларының білімді де тәрбиелі, ең бастысы өзгені құрметтейтін, өзінің қақы мен құқын біліп өсетін ұрпақтар сабақтастығы деуге болады.
Отбасылық құндылықтың бірінші тобына дәстүрлі отбасы жатады, оның жүлгесін ұлттық тәрбие құрайды.

Өзінің кім екенін білмейтін, бұрынғы тарихынан мақұрым пенделер отбасылық құндылықты визуальды әлемнен ғана үйренеді. Яғни, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» ұғымын толық зерделей алмайды. Салт-дәстүрдің бәрінің «ескірген» дүние санап, тек бүгінмен ғана өмір сүреді. Отбасындағы түсініспеушілік, ұрыс-керіс осындай жадағай танымнан қалыптасып жатады. Өзгені сыйлаған адам, өзін де сыйлата алады. Өзін сыйлаған адам өз ортасын сыйлайды. Отбасы үшін ананың орны, баланың еркіндігі қандай қымбат екенін түсінеді. Сыйластық сырластыққа, сырластық достыққа, достық махаббатқа ұласады.

Еркіндік дегеніміз – теңдік. Заманауи құндылықтың да отбасы үшін маңызы зор. Сіз осы заманда өмір сүреді екенсіз, заманауи өзгерістер мен жаңалықтардан шет қала алмайсыз.

Ақпараттық тасқынның ортасында өмір сүргендіктен, заманауи құндылықтарды сұрыптап, талғап үйренгеніңіз жөн. Ол дегеніміз – отбасы жүйесіне зиянын тигізбейтін ақпаратты пайдалана білу. Балаңыз интернет пен смартфондар арқылы не көріп, не түйіп жүр, оның денсаулығына, саналы азамат болуына, тәрбиелі болып өсуіне, біліміне тұтынған (көрген) ақпараты кері әсерін тигізіп жүрмесіне кім кепіл. Бұл барлық ақпарат пен жаңалықтардан баланы шеттету керек дегенді білдірмейді. Интернет – алып құрылым. Оның ішінен қажеттісін іріктеу, баланың өмірі мен өзіне пайдалы бағытты іздеуіне көмектесу, білім алуына септесу, тәрбиелік маңызы зор істерге баулу – ата-ананың міндеті. Ол үшін ата-анаға білім керек.

Дәстүр мен жаңашылдықты тең қабылдай алатын, бірімен-бірін үйлестіре білетін ұрпақ тәрбиелеу үшін ата-ананың өзі заманауи жаңалықтарды жете меңгергені абзал. Сондай-ақ, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты дұрыс меңгерген тиімді.

 

Жанна МҰХАНБЕТЖАНОВА,

аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және

отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі

       комиссия хатшысы