Жас аналар байқауы өтті

Халықаралық әйелдер күні мерекесі  қарсаңында Желтау ауылдық округіне қарасты Шәмші Қалдаяқов ауылдық клубы мен аудандық жастар ресурстық орталығының бірлесуімен  “Аяулы жас ана” атты  аналар байқауы өтті.

Аудандық мәдениет үйінің қолдауымен өткен байқауға Бадамша,  Жосалы мен Шәмші ауылдарының жас аналары қатысты. Бұл байқауға В.И Пацаев орта мектебінің музыка жетекшісі Томирис Мақсатова мен аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жансая Даурбаева және де әдіскер Айнара Курманова сынды өнер саласының мамандары әділ  бағаларын беріп, төрелік етті.

Байқау барысында «Әйел ана бір қолымен тал бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, жас аналар қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттап, көркем сөз оқып, іскерлік пен қолөнер шеберліктерін көрсетіп, өз өнерлерімен көрермендерді таң қалдырды.

                                         

Сондай-ақ, өнер сайысына қатысушылар байқаудың шарты бойынша сынға түсіп, қазақтың ең маңызды салт-дәстүрі «Бесікке салу»  рәсімін көрермендерге ұсынды. Сымбаты мен сәні келіскен келіндер сахна мәдениетін сақтап, шынайы қазақы болмыспен аталмыш додада белсенділік таныта білді. Жас аналардың басын біріктірген өнер байқауы тартысты да қызықты өтті.

Осылайша, байқау қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Жосалы ауылының жас анасы  Гүлден Ахметова иеленді. Ал, байқаудың жүлделі ІІ орыны Шәмші ауылының жас анасы Гүлмира Ақмурзинаға, ІІІ орын Бадамша ауылының жас анасы Мансия Балтабековаға бұйырды. Барлық қатысушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.   Шараның ұйымдастырылудағы басты мақсаты жайында аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы өзінің лебізін білдірді.

«Жалпы бүгінгі іс-шараның маңызы зор. Жас аналардың басын қосу арқылы отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру және насихаттау болып табылады. Қоғамдағы аяулы ана, ардақты жар, ибалы келін бейнесін сан қилы тұрғыда көрсете отырып, жас аналарға қолдау білдіру»,-дейді орталық басшысы Мейіржан Жұбан.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерСайыс