Ақ халатты арулар өнер көрсетті

Аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Осындай отбасының ұйытқысы, өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әлемге әсемдік сыйлап, нәзіктігі мен қайсарлығын танытып жүрген нәзік жандыларға өздерінің атаулы мерекелерінде құрметтің жөні бөлек.

Осы орайда өткен аптаның сенбісінде 8 наурыз- Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында, аудандық аурухананың  мәжіліс залында аталмыш ұжым мен «Qamgor»  кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен салтанатты мерекелік жиын өтті.

Жиын барысында аудандық аурухана басшысы Берік Жаржанов пен кәсіподақ ұйымының төрайымы Жазира Сексенбаева әріптестер алдында сөз сөйлеп, мерекелерімен құттықтап, аурухананың ақ халатты аруларын арнайы алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттарын табыс етті. Сондай-ақ, әріптес азаматтар атынан Самат Мұқтасаров пен Қуанышбек Маймақов өздерінің шынайы мерекелік лебіздерін білдірді.

Осылайша, мерекелік құрмет 7 бұрымдылар бақ сынасқан  «Жыл келіні -2024» байқауымен ұласты. Байқау 5 кезеңнен тұрды. Сайысқа қатысушыларды әділқазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде белсенді өнер көрсеткен абзал жандар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.

Атап  айтар болсақ, «Көрермен көзайымы» бойынша Степной ауылдық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Замира Ессауиева, «Шебер келін» Нұрсәуле Кульмашева, «Көрікті келін» Салтанат Нысанова, «Өнерлі келін» Нұргүл Шонаева арнайы номинациялар бойынша марапатталып, естелік сыйлықтары табысталды.

Ал жүлделі ІІІ орын мен «Дәстүрлі келін» номинациясы терапия бөлімінің кіші буын қызметкері Әлия Такашева бұйырса, жүлделі ІІ орын мен «Үлгілі келін» номинациясын Петропавл ауылдық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Салтанат Шурина ие болды.

 

Сайыстың барлық шарттарында белсенділікпен өнер көрсетіп, әділқазылар алқасының назарына ілігіп, жүлделі І орынға ие болып, «Инабатты келін» атағын жеңіп алған аудандық аурухананың әкімшілік қызметкері Мәнсия Балтабаекова жеңімпаз атанды.

Бұл байқауға қарап, медицина саласында тер төгіп жүрген   бұрымдылар күн-түн адам өмірінің арашасы болумен қатар, аналық қасиетті, келіндік келбетті, шынайы көрсете білді.

Мерекелік жиын соңы қоштасу мен қимастыққа ұласып, аурухана ұжымы әріптестері Әлімбет ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Сақып Кубенкулованы лайықты зейнет демалысына шыққан күніне құрмет көрсетті. Аудандық аурухананың кәсіподақ ұйымы Алғыс хатпен марапаттап, қаржылай сертификат және де бағалы сыйлық пен гүл шоқтарын табыс етті.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерСайыс