ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Балалардың білімге деген құштарлығын оятатын 1 қыркүйекке дайындық — бүгінгі күннің басты мәселесі. Осы орайда аудан мектептерінің 2025-2026 оқу жылына дайындығы жайында Қарғалы аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсеновамен аз-кем тілдескен едік.

— Биылғы оқу жылына дайындық қалай жүргізіліп жатыр?

— Басты міндетіміз — мектептердің жаңа оқу жылына толыққанды дайындығын қамтамасыз ету. Бұл — кешенді жұмыс. Бүгінде аудандағы барлық мектептерде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптары сақталған. Сонымен қатар, мектептерде бейнебақылау, хабарландыру және кіріп-шығуды бақылау жүйелері орнатылды. Аудан орталығындағы екі мектепке «Алақан» жүйесі енгізілді.

— Материалдық-техникалық база бойынша қандай жаңалықтар бар?

— Қазіргі таңда цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, материалдық-техникалық ресурстарға ерекше мән берілуде. Жаңғырту бағдарламасы аясында Бозтөбе негізгі мектебі толық жаңғыртудан өтті. Сондай-ақ, үш мектепке (Петропавл, Пацаев атындағы және ҚосЕстек орта мектептері) жаңа үлгідегі пәндік кабинеттер алынды. Бұл ретте аудандағы мектептердің барлығы 100 пайыз жаңа модификациялық кабинеттермен қамтылған.

— Оқулықтар мен интернетке қолжетімділік мәселесі бар ма?

— Интернет барлық мектептерде қолжетімді, цифрлық білім ресурстарын пайдалану мүмкіндігі бар. Дегенмен, негізгі білім көзі — кітап. Биыл 4, 7, 8, 10 және 11-сыныптарға арналған 46 оқулық жаңартылған мазмұнда жарық көреді. 10 баспамен келісімшарт жасалды. Барлық оқушы оқулықпен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.

 — Мұғалімдер жеткілікті ме? Кадр мәселесі қалай шешіліп жатыр?

— Қазір ауданда 515 мұғалім жұмыс істейді. Жас мамандарды тарту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл бастама жас педагогтерге жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндік берді.

 — 1-сыныпқа қанша бала барады?

— Ауданда 12 жалпы білім беретін мектеп бар. Қазіргі таңда 210 бала 1-сыныпқа қабылданды. Бұл жұмыс 31 тамызға дейін жалғасады. Балалар үшін жағымды, қауіпсіз орта қалыптастыру — басты мақсатымыз.

— Әлеуметтік қолдау шаралары қалай жүзеге асырылып жатыр?

— Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік көмек көрсетіледі. Яғни, аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасылардың балаларына мектеп формасы мен оқу құралдары беріледі. Бастауыш сыныптағы және әлеуметтік осал топтағы оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылады.

Әңгімемізді түйіндесек….

— Жаңа оқу жылы — тек оқушылар мен мұғалімдер үшін емес, тұтас қоғам үшін маңызды кезең. Осы ретте дайындық жұмыстарына белсене қатысқан ұстаздарға, техникалық қызметкерлерге, ата-аналарға және әлеуметтік серіктестерге алғысымды білдіремін. Жаңа оқу жылы табысты әрі жемісті болсын!

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ