Жаңа нысан: Кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде

Өткен жексенбіде ауданымызда жаңа кәсіпкерлік нысан – «Мұстафа тәттілері» кондитерлік дүкені салтанатты түрде ашылды. Бұл жоба – «Мұстафа» кафесімен және ерекше дәмді торттарымен танымал жеке кәсіпкер Мөлдір Жанахметтің жаңа бастамасы.

 

Ашылу салтанатына жергілікті кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары қатысты. Жаңа кәсіпкерлік нысанның лентасын кәсіп иелерінің ата-аналары қиып, оларға сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

Жаңа дүкеннің ашылуы – кәсіпкердің еңбегінің нәтижесі әрі аудан тұрғындары үшін жағымды жаңалық. Мұнда түрлі торттар, кондитерлік өнімдердің кең таңдауы, сонымен қатар фастфудтық тағамдар мен құйылмалы балмұздақтар және қосымша жартылай дайын өнімдермен аудан тұрғындарын қуантпақ.

                                    

 

Сондай-ақ, тұрғындар Мөлдір Жанахметтің қолтаңбасы бар өнімдердің сапасы мен дәміне бұрыннан сенім артып келеді.

Біздің басты мақсатымыз – сапалы әрі дәмі тіл үйірер тәтті өнімдер ұсынып, тұрғындардың көңілінен шығу. Әрбір тәттіміз — сүйіспеншілікпен, талғаммен және адал еңбекпен жасалады. Бұл дүкен — тек сауда орны емес, жүрек жылуын қосып, қуаныш сыйлайтын, тәтті естеліктер қалдыратын шағын әлем болсын деген ниетпен ашылып отыр. Қуанышымызбен бөлісіп, қолдау білдіріп келген жандардың барлығына отбасымыздың атынан алғыс білдіреміз,-дейді кәсіп иесі. 

         Айта кетейік, Мөлдір – тек табысты кәсіпкер ғана емес, сонымен қатар ауданымыздағы Іскер әйелдер кеңесінің белсенді мүшесі. Ол әрдайым түрлі игі істердің басы-қасында жүріп, қайырымдылық пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген жан.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

 

 

 

 

 

 

 

ТегтерКәсіп