ЖАҢА АТА ЗАҢ – ЖАҢА ҚОҒАМДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Конституциялық жаңғырудың басты мақсаты – мемлекеттің құқықтық негізін заман талабына сай жетілдіріп қана қоймай, азаматтардың ел өміріндегі рөлін арттыру, әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарын қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналдыру.

Конституция туралы сөз болғанда, көпшілік ең алдымен заңдар мен мемлекеттік басқару жүйесін елестетеді. Алайда Ата Заңның маңызы бұдан әлдеқайда кең. Ол – әр адамның құқығы мен бостандығына кепілдік беретін, қоғамдағы өзара қарым-қатынастың шегін белгілейтін және мемлекеттің қандай құндылықтарға сүйеніп дамитынын айқындайтын басты құжат. Сондықтан жаңа Конституцияны түсіну – тек заңгерлер мен мемлекеттік қызметшілердің емес, ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың міндеті.

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Осылайша еліміздің конституциялық дамуында жаңа кезең басталды. Жаңа Ата Заң кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Оның мазмұнында мемлекеттілікті нығайту, адам құқықтарын қорғау, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және қоғамның ұзақмерзімді даму бағдарларын айқындау мәселелері қамтылған.

Жаңа Конституцияның мазмұнындағы маңызды басымдықтардың бірі – адамға, оның өміріне, құқықтары мен бостандықтарына айрықша мән берілуі. Бұл қағидат мемлекеттің басты міндеті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың еркін дамуына және өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау екенін білдіреді.

Адам құқығы дегеніміз – тек заңда көрсетілген нормалар жиынтығы емес. Ол күнделікті өмірде сезілуі тиіс нақты мүмкіндік. Сапалы білім алу, медициналық көмекке қол жеткізу, өз пікірін еркін білдіру, жеке өмірінің қорғалуын талап ету, әділ сотқа жүгіну – азаматтың мемлекеттен күтетін негізгі құқықтық кепілдіктерінің қатарында.

Жаңа Конституцияда жеке өмірге қол сұғылмау, дербес деректерді қорғау, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік мәселелеріне де назар аударылған. Бұл – уақыт талабынан туындаған маңызды бағыт. Қазіргі таңда адамдардың күнделікті қызметі электрондық жүйелермен, онлайн платформалармен және цифрлық технологиялармен тығыз байланысты. Сондықтан жеке мәліметтердің қорғалуы мен ақпараттық қауіпсіздік азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудің жаңа өлшеміне айналып отыр.

Сонымен қатар мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілік те нақты құқықтық негізге сүйенуі керек. Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекетінен зардап шеккен адамның келтірілген зиянды өтетуді талап ету құқығының бекітілуі осы ұстанымды айқындайды. Яғни заң талаптары тек азаматтарға ғана емес, билік өкілдеріне де бірдей міндетті.

Конституциялық өзгерістердің тағы бір маңызды бағыты – мемлекеттік билік жүйесін жетілдіру және оның тиімділігін арттыру. Жаңа Ата Заңда заң шығарушы биліктің бір палаталы моделі – Құрылтай қарастырылған. Бұл құрылым заң шығару қызметін ұйымдастырудың жаңа тәсілін қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен бірге Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қоғамдық мүдделерді білдіру мен маңызды мәселелерді талқылауға арналған институционалдық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Оның заң шығару бастамасы құқығының болуы қоғамда көтерілген ұсыныстардың құқықтық шешімдер қабылдау үдерісіне ықпал етуіне жол ашады.

Мұндай жаңашылдықтардың нәтижесі мемлекеттік органдардың жұмысының сапасынан көрінуі тиіс. Қабылданған шешімдер уақытылы орындалып, олардың тиімділігі қоғамның сұранысына сәйкес бағалануы қажет. Мемлекеттік басқарудың басты өлшемі – құрылымдардың саны немесе құжаттардың көптігі емес, халықтың өміріне әкелген нақты оң өзгерістер.

Бұл ретте азаматтардың да белсенділігі маңызды. Мемлекет пен қоғам арасындағы диалог біржақты болмауы керек. Тұрғындар өз ұсыныстарын білдіріп, қоғамдық мәселелерді талқылауға қатысып, заңды жолдармен бастамаларын көтере алуы қажет. Ал мемлекеттік органдар мұндай ұсыныстарды назардан тыс қалдырмай, ашық әрі негізді жауап беруге міндетті.

Әділетті қоғам құру үшін заңдардың болуы жеткіліксіз. Ең маңыздысы – олардың баршаға бірдей орындалуы және құқықтық нормалардың күнделікті өмірде сақталуы. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпке басымдық берілуі ерекше мәнге ие.

Құқықтық мемлекетте ешкім заңнан жоғары тұрмауы керек. Азаматтың әлеуметтік жағдайына, қызметіне немесе лауазымына қарамастан, заң талаптары бәріне ортақ болуы – әділдіктің негізгі шарты. Бұл қағидат мемлекеттік органдардың қызметіне де, қоғамдық қатынастарға да бірдей қатысты.

Заңға құрмет отбасындағы тәрбиеден, мектептегі білімнен және адамның күнделікті әрекетінен басталады. Қоғамдық тәртіпті сақтау, өзгенің құқығын құрметтеу, еңбек міндеттерін адал орындау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау – құқықтық мәдениеттің нақты көріністері. Сондықтан заң мен тәртіпті нығайту тек құқық қорғау органдарының міндеті ретінде қарастырылмауы тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновацияны елдің ұзақмерзімді дамуының негізі ретінде қарастырудың маңызы айқындалған. Бұл шешім қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында ерекше өзекті. Өйткені мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен ғана емес, азаматтарының білімімен, кәсіби шеберлігімен және жаңашылдыққа бейімділігімен өлшенеді.

Сапалы білімге қолжетімділік – адамның жеке дамуының ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік мүмкіндіктер теңдігінің де маңызды шарты. Әрбір баланың қабілетін ашуға жағдай жасау, жастарға кәсіби бағдар беру, ғылыммен айналысуға мүмкіндік туғызу және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау – осы бағыттағы негізгі міндеттер.

Сонымен қатар еңбектің қадірін арттыру маңызды. Қоғамда адал еңбек ету, кәсіби жауапкершілік таныту және өз ісінің нәтижесіне мән беру мәдениеті қалыптасуы қажет. Себебі экономиканың дамуы мен әлеуметтік тұрақтылықтың артында нақты адамдардың еңбегі тұр.

Конституцияда елдің тұтастығын, қоғамдық келісімді және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелеріне де ерекше орын берілген. Қазақстанның басты байлығы – оның халқы, ортақ тарихы мен бірлігі. Әртүрлі этнос өкілдерінің бейбіт өмір сүруі, өзара құрмет пен түсіністікке негізделген қоғамдық қатынастар мемлекеттің тұрақты дамуына қызмет етеді.

Ұлттық құндылықтарды сақтау да осы бірліктің маңызды бөлігі. Тарихи мұраға құрметпен қарау, ана тілін, мәдениет пен дәстүрді қолдау – ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудың жолы. Бұл ретте ұлттық болмысты сақтау мен заманауи даму бір-біріне қайшы емес, керісінше, өзара толықтыратын бағыттар болуы тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе – экологиялық жауапкершілік. Табиғатты қорғау, су мен жер ресурстарын тиімді пайдалану, қоршаған ортаның тазалығын сақтау тек мемлекеттік бағдарламалармен шектелмеуі керек. Әрбір азаматтың экологиялық мәдениеті осы бағыттағы нақты нәтижеге тікелей әсер етеді. Бүгінгі ұрпақтың табиғатқа деген көзқарасы келешек буынның өмір сүру сапасын айқындайтынын естен шығармаған жөн.

Жаңа Конституцияның қабылдануы – ауқымды құқықтық өзгерістердің бастауы. Ендігі маңызды міндет – оның нормаларын түсіндіру, заңнаманы жаңа конституциялық талаптарға сәйкестендіру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Ата Заңның әрбір қағидаты нақты қоғамдық қатынастарда көрініс тапқанда ғана өзінің толық маңызын ашады. Азамат өз құқығын біліп, заңды құрметтегенде, мемлекеттік орган халық алдындағы жауапкершілігін сезінгенде, қоғам ортақ мақсаттарға жұмылғанда құқықтық мемлекеттің негізі нығая түседі.

Жаңа Конституция – тек бүгінгі күннің құқықтық құжаты емес, келешек ұрпаққа қалатын маңызды бағдар. Оның басты құндылығы адамға құрмет, әділеттілік, заң үстемдігі және ел болашағына ортақ жауапкершілік қағидаттарын бекітуінде. Ал осы құндылықтарды өмірлік ұстанымға айналдыру – баршамызға ортақ міндет.

Кеңесов Асхат, саяси ғылымдарының кандидаты