Заң және тәртіп: Ақтөбе облысының оқу орындарында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 1,5 мыңнан астам дәріс пен түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Ақтөбе облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында полиция департаментінің өкілдері кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жөнінде баяндады.

«Жасөспірімдердің деструктивті мінез-құлқының алдын алуда түрлі мемлекеттік органдар мен мекемелердің, ата-аналар қоғамдастығының өзара әрекеттестігі маңызды. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қылмыс деңгейін төмендетіп, балаларға қауіпсіз орта құруға болады», – деді Ақтөбе облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Нұрлыбек Суентаев.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жүргізілген рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрген 1492 жағдайы анықталған. Сонымен қатар, түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында ата-анасыз жүрген 112 жасөспірім тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін 49 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Алдын алу жұмыстарының маңызды бір бөлігі – ата-аналармен жұмыс. Жыл басынан бері ата-аналық міндеттерін орындамағаны және балаларды жеткілікті деңгейде бақыламағаны үшін 239 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 17 ересек адам ата-ана құқығынан айырылды», – деді Нұрлыбек Суентаев.

Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында оқу орындарында құқықтық тақырыптарда дәрістер мен әңгімелер белсенді түрде өткізілуде. Барлығы 1565 іс-шара ұйымдастырылып, жастардың өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауына және құқықбұзушылықтың салдарын түсінуіне ықпал етті.