Венераның дәмді тұшпарасы

Қазіргі таңда шағын бизнес белең алып тұрған кезең. Сол себепті де қолыңнан келетін іс арқылы қаражат табу  түкте қиын емес.  Ал егер ол сенің сүйікті ісің болса жұмыс істеуге деген құлшыныс екі есе артады. Сөзіміздің дәлелі болсын, төрт жылдан бері сүйікті ісіне деген сүйіспеншілігі бүгінде аудан орталығынан кәсіп ашуына себеп болған жанның бірі – Венера Минжасарова. 

         Венера өзі Хромтау ауданында дүниеге келген. 1996 жылы отбасымен Бадамшаға қоныс аударады да №2 Бадамша орта мектебінде оқып білім алады. Осылайша, өмір өз легімен жалғаса береді. Кейін отбасылық өмір басталады. Сол кезден бастап тұрақты жұмыстың жоқтығы, өзінің сүйікті ісімен айналысуға алып келеді. Бастапқы кезде Венера жартылай фабрикатты үй тағамдарын қолдан түйіп, үйден дайындайдыда, ауыл ішіндегі дүкендерге өткізеді. Күннен-күнге үй тағамдарына деген сұраныс көбейе бастайды. Тапсырыстың көптігі мен сұранысқа ие сүйікті ісін кәсіпке айналдыруды ойлай бастайды. Отбасымен ақылдаса келе көпшіліктің көңілінен қолдау тапқан «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға шешім қабылдайды. Нәтижесінде, жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізіп, ойлаған арманын жүзеге асырды.

 

Өткен аптаның жұма күні кәсіп иесі өзінің «VENERA» атты жартылай фабрикатты қолдан түйілген өнімдерін дайындайтын шағын кәсібін ашты. Ашылу салтанатына Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабылдин мен  мекеме басшылары және де кәсіп иесенің жақындары қатысты. Алғашқылардың бірі болып округ әкімі сөз сөйлеп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіншіліктеріне тоқтала келе, кәсіп иесі Венераның жаңа бастамасына лебізін білдіріп,  сәттілік тілеп ашылу рәсімінің лентасын қиды. Одан соң кәсіпкерлік орталықтың ашылуына жиналған мекеме басшылары мен тума-туыстары тілек айтып, жүрек жарды лебіздерін білдірді.

Сондай-ақ, ауыл ақсақалы Зинелгабдин Дербиспаев та сөз сөйлеп, кәсіп иесiнiң жаңа нысанының  ашылу салтанатымен кұттықтап, одан әрi өркендеп өсе беруіне тілектестік білдіріп, батасын берді.

Расында, қазiргi кезде қолдың тағамына сұраныс басым. Себебi, таза табиғи өнімнен жасалатын тағам көбірек уақытты талап етеді. Жұмыстан бас алмайтын қазіргі қоғамда дайын тағамды сатып алу тиiмдiрек екендiгi жасырын емес. Оның ішінде сапалы да табиғи қолдан жасалған тағамды әрбiр тұтынушы бағасына қарамай сатып алып жатады. Біз де кәсіп иесінің өзінен кәсiбiне қатысты сауалдар қойып, мән-жайын сұраған едік…

-Негiзiнде мұндай шағын кәсібімді ашамын деген ой бiрден келген жоқ. Мен 2018 жылы тұрмысқа шықтым. Ол кезде тұрақты жұмысым да болмады. Оның үстіне отбасын құрғаннан кейінгі 3 айдан соң жолдасым жұмыстан қысқарып қалды. Отбасымыз үшін қиын сәттер орын алды. Себебі, екеуміз де жұмыссызбыз. Жолдасым жұмыс іздеумен болды. Мен ол кезде жүктілігіме байланысты үйде отырған едім. Көп ойланбастан үйде отырып жартылай фабрикатты үй тағамдарын дайындауды қолға алдым. Өйткені, қолымнан келетін іс болатын. Мен бұған дейiн қалада жұмыс жасағанымда апамның асханасында жұмыс жасап, тәжірибе жинақтағанмын. Сол нәрсе менің кәсіппен айналысуыма себепші болды. Ең алғашқылардың бірі болып қолдау білдірген де осы жодасым еді. Жолдасым екеумiз манты мен тұшпараны таңға дейiн қолмен түйген кездеріміз болды. Кәсіп бастаған сәттегі ең қомақты тапсырысымыз ол аудан орталығындағы «Көмек» дүкеніне 5-6 келі тапсырған жартылай фабрикатты өніміміз еді. Осылайша, аптасына осындай келіден «Кристалл», «Ақжайық» дүкендеріне өткiзiп тұрдық. Кейiннен күннен-күнге сұраныс артып, тапсырыс көлемiн де 10-15 келіге дейін арттырдык. Міне, сол кезден бері де 4 жыл уақыт өтіпті. Биыл осы кәсібімді дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатыстым. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, бүгін міне өзімнің шағын кәсiбiмдi ашып отырмын,-деген қуанышын жасыра алмады кейіпкерiмiз.

Иә, алысқа ұзамай-ақ Венераның тағамдары жергілікті тұрғындар арасында сұранысқа ие. Тіпті осы 4 жылдың ішінде тұрақты тұтынушылары қалыптасып үлгерген. Ашылу рәсімінде тұтынушылары лебіздерін айтып, тағамдарының сапасы мен дәмділігіне ерекше ризашылықтарын бiлдiрдi. Бiз де тағамдарды сапалы дайындауының мәнісін сұраған едік.

-Халықпен жұмыс жасаған соң, сапа мен үшiн қашанда басты орында. Себебі, тағам болғандықтан, барынша сапалы да дәмдi етiп дайындауға барымды саламын. Етті ауылдан жіліктеме етiп сатып аламын. Сондай-ақ, таза еттен жасаймын. Артық дәмдеуіштер қоспаймын. Етпен жасалатын тағам болғандықтан ең сапалысын, қымбатын аламын. Ал ұнға келетін болсам, «Гранум» ұнын пайдаланамын. Ұнды аптасына 50 кг қапшығымен сатып аламын. Оның үстіне қажетті жұмыртқа, шемішкі май, т.б. керекті заттар бар. Қазір барлық қажетті заттарды ауылдағы дүкендерден сатып алып отырмын. Енді алдағы уақытта арнайы тапсырыспен қаладан алдыру ойда бар. Жалпы азық-түлік тауарларын саудалаған кезде кез-келген адамның алдында үлкен жауапкершілікті сезінесің. Сондықтан да, әрбір жасаған өнiмнiң дәмiн өзiң татып, сапасының жоғары болуына күш саласың. Өйткені, тұрғындардан қолдау тауып, тағамыңа жоғары баға беріп жатырса, шабытың ашылып, ықыласпен түйген тұшпараңды одан әрі дәмді етуге ынтарлана түсесің,-дейдi кәсіп иесі.

Венераның өніміне деген сұранысты біз де байқадық. Ашылу сәтінде сатылымдағы тағамдарды жиналған көпшілік таласа алып жатты. Бұл әрине кәсібін жаңа бастаған жан үшін өте маңызды. Ең бастысы, сүйiктi iсiне деген сүйіспеншілігің мен болашаққа деген сенiмдiлiгiң болса, армандарыңа қол жеткізуге болады. Қазір еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп. Мемлекеттен де қолдау жетерлік. Осы орайда Венера ең алдымен ойлаған арманын іс жүзінде жүзеге асыруына, сондай-ақ, кәсіпті бастауына қол ұшын берiп, қолдау білдірген Бадамша ауылдық округiнiң әкiмi Ернар Дабылдин мен маманы Қуаныш Гусмановқа ерекше ризашылығын білдіреді.

Сонымен қатар,  Венераның болашаққа деген жоспарлары көп.  Қазір ашып отырған кәсібінің ғимаратын жалға алып отыр.  Алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтіп,  өзіне арнайы ғимарат салуды ойлайды.  Әрине,  мұның барлығы болашақтың еншісінде.  Себебі,  әрекет бар жерде,  оның берекеті де бола бермек.  Сол себепті де ашылуына жиналған барша жақындары  кәсібіне қолдау білдіріп,  сәттілік тіледі.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.