ҰСТАЗДАР СПОРТ АЛАҢЫНДА СЫНҒА ТҮСТІ

Педагогтердің кәсіби қызметімен қатар, дене белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасау – білім беру саласындағы маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта №1 Бадамша орта мектебінің базасында аудан мектептерінің мұғалімдері арасында спартакиада өтті.

Екі күнге созылған спорттық додаға ауданның білім беру ұйымдарынан педагогтер қатысып, асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, волейбол және стритболдан өзара бақ сынады.

Бәсекелі сайыстар барысында ұстаздар спорттық шеберліктері мен ептіліктерін танытып, жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Әр кезеңде қатысушылардың белсенділігі мен жоғары дайындық деңгейі байқалды. Әсіресе командалық ойындарда ауызбіршілік, ұйымшылдық пен өзара қолдау айқын көрініс тапты.

Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлнар Байменшинаның айтуынша, мұндай спорттық шаралар педагогтерді ортақ мақсатқа жұмылдырып, әріптестік байланысты нығайтуға ықпал етеді.

– Ұстаздардың спорттық және қоғамдық шараларға белсенді қатысуы олардың жан-жақты қырын көрсетеді. Сонымен қатар спортпен шұғылданатын, салауатты өмір салтын ұстанатын мұғалімнің өзі шәкірттеріне жақсы үлгі болары сөзсіз. Бүгінгі спартакиада педагогтер арасында ынтымақтастықты арттырып, сергектік пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады, – деді ол.

                              

Жарыс нәтижесінде І орынды №1 Бадамша орта мектебінің командасы иеленсе, ІІ орын Ащылысай орта мектеп-балабақшасының педагогтеріне бұйырды. Ал Жосалы орта мектеп-балабақшасының командасы ІІІ орыннан көрінді.

Спартакиада соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды. Ұйымдастырушылар спорттық додаға белсене қатысып, жоғары белсенділік танытқан барлық педагогтерге алғыс білдірді.

Қарғалы-АҚПАРАТ