ХАТ-ХАБАРДЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ

Адамдар арасындағы байланысты үзбей, алысты жақындатқан пошта қызметінің тарихы тым әріден бастау алады. Ал Қазақстандағы пошта байланысының қалыптасуы ХІХ ғасырдан бастау алғаны белгілі. Содан бері заман талабына сай жаңғырып, халыққа қажетті сан алуан қызмет түрін ұсынып келе жатқан бұл саланың маңызы еш төмендеген емес.

Күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған пошта қызметкерлерінің еңбегі қашанда жауапкершілікті талап етеді. Хат-хабарды, газет-журналдарды, сәлемдемелер мен басқа да жөнелтілімдерді уақытында жеткізу арқылы олар аудан тұрғындарымен етене байланыста жұмыс істейді.

Кәсіби мереке қарсаңында аудандық пошта байланыс торабының басшысы Балауса Буланбаевамен сұхбаттасып, саланың өткені мен бүгіні, ұжымның тыныс-тіршілігі және алдағы жоспарлары жайында әңгімелескен едік.

— Балауса Жанкелдіқызы, алдымен келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Пошта саласындағы еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз?

— Пошта саласы халықпен тығыз байланыста жұмыс жасап, күнделікті хат-хабар мен жөнелтілімдерді уақытында жеткізуді талап ететін жауапты бағыт. Мен осы пошта байланысы торабында 2018 жылдан бері қызмет етіп келемін. Еңбек жолымды бас маман болып бастап, 2025 жылғы 16 қазаннан бастап басшылық қызметке тағайындалдым. Әрине, бұл — мен үшін үлкен жауапкершілік әрі зор сенім. Сондықтан өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқарып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге бар күшімді салуға тырысамын.

     

— Қазіргі таңда аудандық пошта байланыс  торабында қанша адам еңбек етеді?

— Аудандық пошта байланыс торабында бүгінде 21 қызметкер еңбек етеді. Бұл — әр маман өз міндетін жауапкершілікпен атқаратын, ұйымшылдығы мен ауызбіршілігі жарасқан тату ұжым. Біздің бөлімшелеріміз ауданның бірнеше елді мекеніндегі тұрғындарға қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, автоматтандырылған пошта бөлімшелері Петропавл, Қосестек, Степное және Ащылысай ауылдарында орналасқан. Ал автоматтандырылмаған бөлімшелер Шәмші Қалдаяқов, Әлімбет, Қайрақты және Бөзтөбе елді мекендерінде жұмыс істейді. Әр клиентке сапалы әрі уақтылы қызмет көрсетуге тырысамыз. Өз міндетімізді кәсіби деңгейде орындаумен қатар, әрбір тұрғынға көңіл бөліп, өтініш тілегіне мұқият қарау біз үшін маңызды.

— Қазіргі таңда электрондық қызметтер мен интернет-сауда қарқынды дамып келеді. Бұл өзгерістер пошта жұмысына қалай әсер етуде?

— Соңғы уақытта электрондық қызметтер мен интернет-сауда қарқынды дамып келеді. Бұл, әрине пошта жұмысына да өз әсерін тигізуде. Тұрғындар интернет-дүкендер арқылы түрлі тауарларға жиі тапсырыс беретін болғандықтан, келіп түсетін сәлемдемелердің саны да артып отыр. Біз клиенттердің сәлемдемелерін уақытылы қабылдап, өңдеп, белгіленген мерзімде табыстауға тырысамыз. Заманауи технологиялардың енгізілуі пошта қызметтерін халық үшін барынша ыңғайлы, жылдам әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бүгінде дәстүрлі пошта қызметтерімен қатар, заман талабына сай электрондық мүмкіндіктердің де маңызы артып келеді. Сондықтан саланың дамуы жаңа технологияларды тиімді пайдаланумен тығыз байланысты.

— Алдағы уақытта қандай жұмыстар атқару жоспарланып отыр?

— Алдағы уақытта өз жұмысымызды үнемі жетілдіруге ұмтыламыз. Біздің басты міндетіміз — тұтынушыларымызға көрсетілетін қызметті барынша ыңғайлы, жылдам әрі сапалы ету. Жоспарымызда заманауи және электрондық пошта қызметтерін дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру, клиенттердің күту уақытын қысқарту және қажетті қызметтерді тікелей пошта бөлімшелерінен алу мүмкіндіктерін кеңейту бар. Халықтың сұранысы мен заман талабына қарай қызмет көрсету сапасын арттыру — басты назарымызда. Өйткені тұрғындардың сенімі — біздің жұмысымыздың негізгі бағасы.

— Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге және аудан тұрғындарына қандай тілегіңіз бар?

— Пошта қызметкерлері күні қарсаңында барша әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әрқайсыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Жауапты қызметіміз әрдайым лайықты бағаланып, халықтың сенімін ақтау жолындағы еңбегіміз жемісті болсын.

Сондай-ақ, аудан тұрғындарына бізге артқан сенімдері мен пошта қызметін тұрақты таңдағандары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңіз – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі қызметімізді жетілдіруге негіз болатын басты құндылық. Алдағы уақытта да сапалы, қолжетімді әрі жауапты қызмет көрсетуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Пошта – жай ғана хат-хабар жеткізетін қызмет емес. Ол – адамдарды байланыстырып, алысты жақындатқан, қуаныш пен сағынышты жеткізген маңызды сала. Уақыт өзгеріп, технология жаңарғанымен, адамдар арасындағы байланыстың мәні өзгермек емес. Сондықтан пошта саласының халық өміріндегі орны қашанда айрықша.

Әңгімелескен Бақыт  ИМАШЕВ