ҰЛТТЫҚ РУХ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде 25 қазан – Республика күніне орай “Қыран елім – Қазақстаным” атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімі, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, бөлім мен мекеме басшылары, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері паш етіліп, тұрғындарға қолөнер бұйымдары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Онда жергілікті шеберлер мен кәсіпкерлер өздерінің қолтаңбаларын таныстырып, ауыл өмірінің тынысын айшықтады.
Жиын Мемлекеттік Гимнмен ашылып, “Батырлар” сюжеттік биі сахналық көрініс түрінде көрерменге ұсынылды.
Аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев жиналғандарды ел тарихындағы ең қастерлі мерекелердің бірі – Республика күнімен құттықтап, оның тарихи және рухани маңызына тоқталды.
– Бұл – қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл құжат мемлекеттілігіміздің іргетасын қалаған маңызды тарихи оқиға болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Республика күні – мемлекеттің құрылу жолындағы тарихи қадамның символы болуға тиіс». Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың абыройлы борышы, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, әкім аудан тұрғындарының ел дамуына қосып жатқан еңбегін ерекше атап өтті.
– Елдің өсіп-өркендеуінде қарғалылықтардың да үлесі зор. Ауданымыздың экономикалық және әлеуметтік салалары қарқынды дамып келеді. Тұрғындардың игілігіне арналған әлеуметтік нысандар бой көтеріп, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы бағытында бірқатар жетістіктерге жеттік. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасылық амандық және Отан игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Нұрлыбек Унербаев.
Мерекелік жиын барысында ауданның өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ардагер Хандулла Жылкыбековке “Қарғалы ауданының Құрметті азаматы” төсбелгісі табысталды.
Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосқан бір топ азаматтар “Қарғалы ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен марапатталды.
Марапат иелерінің қатарында Петропавл орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ляззат Басирова, «Степной» ЖШС трактор бригадасының бригадирі Михайл Колодяжный, Ащылысай ауылдық округі «Рассвет» шаруа қожалығының механизаторы, зейнеткер Александр Глуханьков, Қарғалы аудандық ауруханасының ардагері Шампан Тұрышов, Әлімбет ауылының ардагері Роман Филипп және Бадамша ауылының белсенді ақсақалы Бақыткерей Нуркаев бар.
Бұдан бөлек, бірқатар аудан тұрғындары Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кету керек, жазғы маусымда аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында “Ауылым – алтын бесігім” атты ауыл күндері байқауы өткізілген болатын. Байқауға 8 ауылдық округ және 1 ауыл қатысып, түрлі мәдени, спорттық және әлеуметтік бағыттағы шаралар арқылы көпшілік көңілінен шыққан еді. Іс-шара барысында сол байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарға марапаттар табыс етілді.
Нәтижесінде ұйымшылдығы мен өнері арқылы дараланған Қосестек ауылдық округі Бас жүлдеге ие болып, 1 000 000 теңгелік сертификатқа қол жеткізді. Ал І орын Шәмші Қалдаяқов ауылының еншісіне бұйырып, 500 000 теңге, ІІ орын Кемпірсай ауылдық округіне (300 000 теңге), ІІІ орын Ащылысай ауылдық округіне (200 000 теңге) берілді.
Мерекелік кеш аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концертімен жалғасып, сахнада патриоттық әндер шырқалып, мың бұрала билер орындалды. Балалар өнер мектебінің бүлдіршіндері көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің сәнін келтірді.
Кеш соңында облыс пен республикаға танымал өнерпаздар Қайнар Жекей, Қасым Ермек және Нұржан Уразов өз өнерлерін ұсынып, мерекелік көңіл-күйді одан әрі асқақтатты.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА













