Тұрғындар хром кенін өндіруге қарсы
Халқымызда табиғат деген сөз туған жер, атамекен, Отан ұғымдарымен қатар аталады. Сондықтан да, әрбір адам табиғат алдында өзін жауапты сезінуі керек. Өйткені, табиғат — бұл миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан белгілі бір заңдарға бағынатын сыртқы әлем және де тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажет, жер бетіне көрік берген сәні.
Өзіміз тұрып жатқан жерұйығымыз саналар – Қарғалының табиғаты бізге берілген теңдесіз байлық. Жап жасыл табиғаты, таза суы, көздің жауын алар әсем жерлері, тарихқа толы қойнауы барлығы дерлік болашағымыз үшін аманат. Ал оның жалпы келбеті, көрінісінің көрікті болуы ауыл тұрғындарының жауаптылығына тікелей байланысты.
Осы орайда өткен аптаның сәрсенбісі күні өлкеміздің табиғатының болашағына қатысты маңызды шешім қабылданды.
Нақтырақ айтар болсақ, аудандық мәдениет үйінде «Sunrise Mining» ЖШС Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Бадамша ауылының маңындағы Кемпірсай алаңының «Удар» учаскесінің шекарасында хром кендерін игерудің ықтимал әсерлері туралы есеп беріп, ашық жиналыс негізінде қоғамдық тыңдау өтті.
Бұл жиынға ауыл ақсақалдары, мекеме басшылары мен «АМАNАТ» партиясы және де аудандық мәслихат депутаттары мен қарапайым ауыл тұрғындары қатысты. Қоғамдық тыңдауды Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабилдин ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып шықты.
Одан соң «Sunrise Mining» ЖШС-нің өкілдері табиғатты өңдеуші, эколог Сания Азбаева мен инженер — эколог Дмитрий Крылов біздің ауданымыздан 7 шақырым және де аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған Қуағаш өзенінен 520 шақырым жерде хром кенін игеру жоспарымен таныстырып, тұрғындарға баяндап берді.
Атап айтқанда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының сайтында жарияланған «Sunrise Mining» ЖШС құжаттарында «Удар» хром кен орны Ақтөбе қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 70 шақырым, Хромтау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 36 шақырым жерде орналасқан. Ең жақын елді мекен – біздің Бадамша ауылы, шығысқа қарай 7 300 м және де Кемпірсай теміржол вокзалына дейінгі қашықтық 12 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, аталмыш жауапты компания кен орын игеру кезектілігін үш кезең бойынша жүзеге асырмақшы. Яғни, бірінші кезеңде кен орнының қорларын ашу, екінші кезеңде ашылған бөлікті өндіріуге дайындау бойынша тау-кен дайындық жүргізу, үшінші кезеңде карьердің көкжиектерін пысықтау.
Олар хром кенін ашық әдіспен өндіруді және бұрғылау-жару жұмыстарын жиі емес аптасына бір реттен жүргізуді жоспарлап отыр. Яғни ауаны ластауға шығарылатын заттардың мөлшері жылына 642-ден 1100 тоннаға дейін болады. Бұл азот және күкірт диоксиді секілді басқа да зиянды заттар. Олар көліктерге зат тиеу, көліктердің қозғалысы, тасымалдау, бұрғылау-жару жұмыстары кезінде қалыптасады. Сонымен қатар, дисперсиялық есептеулердің нәтижелерін талдауда ауаны ластаушы заттар 1 ШРК-дан аспайтыны туралы айтылған.
Жауапты тұлғалардың есебін тыңдаған ауыл халқы адамдардың өмір сүру жағдайларының және олардың қызметінің, оның ішінде денсаулыққа әсер ететін қоршаған орта жай-күйі зияндығын ескере отырып, өздерінің наразылықтарын білдірді. Бұл отырысқа жиналғандардың қарасы көп болды. Тіпті мәдениет үйінде ине шаншар орын болмады. Қатысқан жандардың барлығы да ауданның болашағы үшін белсенділік танытты.
Жиналыста алғашқылардың бірі болып сөз алған Айжарык Сибагатов, Зинелгабдин Дербиспаев, Петр Топор, Мадина Искакова сынды тағы да басқа бірқатар ауыл ақсақалдары мен ауыл жанашырлары өлкеміздің болашағына алаңдап, бір ауыздан қарсылық білдірді. Ел ағалары тіпті алғашқы бұрғылау-жару жұмыстарынан-ақ, жер асты суларының ағып кетіп, өзенге зиянды заттар бөлінетінін, оған қоса алты валентті хромның адам денсаулығы үшін өте зиянды екенін тізбектеп айтып берді.
Осылайша, Кемпірсай ауылдық округіндегі хром кенін игеруге қатысты отырыстың соңы залда отырғандардың барлығы дерлік қарсы дауыс берумен аяқталды. Нәтижесінде жиналыстың қорытындысы бойынша хаттама толтырылды.
Айта кететін жайт, алдағы уақытта қоғамдық тыңдау қайта өткізілуі мүмкін. Егер компания жергілікті тұрғындар рұқсатын ала алмаса, хром кендерін игеру жүзеге асырылмайды.
Ауыл тұрғындары белсенділікпен бір ауыздан өздерінің уәждерін білдірді. Олар аталған кен орнының салынуына үзілді-кесілді қарсы. Оның негізгі себептерін де түсіндіріп берді. Иә, шындығында ауданымызда үлкен кәсіпорын, кен орындары жоқ. Дегенмен де, зиянды жолмен өнім өндіріп, халық пен табиғатқа зардабын тарттырудан артық азап та жоқ шығар.
Сондай-ақ, хромның ел экономикасына тигізетін пайдасымен қоса зиянының да бар екендігін ұмытпайық. Өйткені, өндірістен шыққан хром қалдықтары топыраққа, суға түсіп, одан өсімдік, жануар зардап шегіп, тіпті адам ағзасына түсу қаупі бар. Оған қоса, хром косылыстары тек бізді қоршаған ортаға ғана емес атмосфераға да өз зиянын тигізеді.
Ал алты валентті хромның қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері қандай? Бұл улы, уытты әрі канцерогенді элемент. Соның ішінде алты валентті хром әртүрлі созылмалы дерттердің күшеюіне, тамақ-мұрын қуыстарының бітелуіне, аллергиялық асқынуларға, ең қауіптісі, адам ағзасының бойында онкологиялық ауру ошағының пайда болуына әсерін тигізеді.
Міне, бүгінгі біз жазған жайдың алаңдатарлық тұсы да дәл осы жерде. Олай болса, еліміздің басты байлығы адамдар мен ұлт денсаулығы екенін ескерсек, бұл мәселенің оңынан шешілетініне сенеміз.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА