Туберкулез жазылатын дерт

Туберкулез ауруы көне заманнан белгілі ауру. Деректерге қарағанда бұдан 7 мың жыл  бұрын пайда болған деседі. Туберкулез қоздырғышын неміс ғалымы Роберт Кох ашқаннан бері, талай адамның түбіне жеткен кесапат аурумен күресудеміз.

Әлем, соның ішінде біздің  мемлекетіміз туберкулезге қарсы қолға алған жұмыстары нәтижелі деуге болады.

Алайда, «Сақтансаң сақтармын» дегендей, әлі де ақпараттар мен тексерістер жылда мерзімді жүргізіліп келеді. Жылда өтетін дәстүрлі Дүниежүзілік туберкулезге күрес күні «Біз туберкулезді жеңеміз!»  атты ұрандатқан іс-шаралар өтуде.

 

Осындай сақтық шарасына орай өткен аптаның бейсенбісінде аудандық аурухананың «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» кабинеті мамандарының ұйымдастыруымен, Бадамша аулының тұрғындарының қатысуымен «Біз туберкулезді жеңеміз!» атты  флешмоб ұйымдастырылып, челлендж түсіріп, волейболдан спорттық жарыс өтті.

Аудандық аурухана ұжымы аталмыш іс-шараны Әйтекеби ауруханасының ұжымынан қабыл алып, бұл челленджді әрі қарай Мәртөк аудандық ауруханасына жолдады.

Сайып келгенде ақ халаттылардың мақсаты — атауымен елді шошытқан аурудың алдын алу, елді ақпараттандырумен қатар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, медициналық тексеруден дер кезінде өтуге шақырады. Ендеше, өз денсаулығың өз  қолыңда. Олай болса, ең бірінші байлыққа немқұрайлы қарамайық.

Бақыт ИМАШЕВ