ТІРЛІГІ МЕН МАМАНДЫҒЫ БІР ОТБАСЫ

Жыл сайын елімізде қараша айында күн-түн демей желдің өтінде, кең даланың төсінде еңбек етіп жүрген ауыл шаруашылығы сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіліп келеді. Бұл мерекенің күздің соңғы айына қойылуы да тектен-тек емес болар. Өйткені, көктем мезгілінен басталып, жаз айына жалғасқан нағыз еңбектің жемісі де осы күзде анықталады. Бұл шаруалар үшін молшылық айы.

Айта кету керек, әр кәсіби мерекенің өзіндік мәні зор. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем демекші, бұл күні еңбегі еленген шаруалардың бір жасап қалатыны жасырын емес.

Қандай да болмасын жұмысты атқаратын қарапайым еңбек адамдары десек, сол еңбек адамдарына ғылыми негізде  бағыт-бағдар беретін кәсіби мамандар. Мереке алдында бұл жолы отбасылы мал мамандарын әңгімеге тартқан едік.

Біздің айтпағымыз адам емдейтін дәрігер бізге қандай қажет болса, мал дәрігері де тап солай ауыл шаруашылығы саласына

аса қажетті мамандық. Ендеше, осы салада бірге еңбек еткен  Кеңес пен Бағдат Ахметовтардың отбасы мен еңбек жолын таныстыру мақсатында Бағдат Қасенқызымен әңгімелескен едік.  

-Ұлттың ұлт болып қалуы, қоғамның дамуы, мемлекеттің өркендеуі ең алдымен отбасы тәрбиесінен бастау алады демекші, отбасыңыз  мен еңбек жолдарыңыз жайында айтып өтсеңіз?

— Сіздерге рахмет, еңбегімізді елейміз деп, еске алу нышанын байқаттыңыздар. Өмірде өнегесін қалдырып кеткен жандар қаншама?! Өз ісінің нағыз маманы Кеңес Төлегенұлы екеуміздің еңбек жолымыз бір салада өтті. Өмірден ерте кетті демесек, елге сыйлы, ақ жарқын, жайдарлы, көпшіл жан болғаны  дос-жарандары мен үзеңгілестерінің есінде болар.

Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Олай болса, сөз басын  отбасымыздың қорғаны бола білген жолдасым жайында айтайын. Кеңес   1953 жылы 23 тамыз айында Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылында әкесі Төлеген мен анасы Інжіпияның шаңырағында дүниеге  келген. Отбасындағы 5 баланың кенжесі.

Байқаған адамға ел ағалық жасқа жеткен шағында да балаша әсем мінез болады екен. Оның әкесі сот, анасы бала тәрбиесімен айналысқан. Ол өз ауылындағы орта мектепті бітіріп, 1973 жылы кезінде талай ауыл жастарына арман болған Алматы зооветеринариялық институтының дайындық курсына қабылданды. Сол аралықта Әскери-теңіз күштері бөлімінде 3 жыл Отан алдындағы міндетін атқарып келді. Одан соң  1975 жылы оқуын жалғастырып, зооветеринария институының «мал дәрігері» мамандығын  тәмамдап шықты.

1980 жылы жас маман Ақтөбе облысының Новоресей  (қазіргі Хромтау) ауданының Новотроицк кеңшарында еңбек жолын бастады. Ал 1983 жылы Киров ұжымшарында бас мал дәрігері болып қызмет етіп жүрген кезінде, отбасы жағдайына байланысты 1984 жылы Шалқар ауданының орталығы Шалқар қаласына қоныс аударады. Сол Шалқардағы Батыс Қазақстан темір жол ветеринариялық бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Бұл аты аталған мекеме 1997 жылы жабылуына  байланысты Бадамша ауылына 2001 жылы қоныс аудардық. Бұл ауылда жұмыстас, таныс-біліс құрдастарымыз баршылық. Сонымен қатар, бұл өңірде аудандық басқарманың бас маманы, 2012 жылдан бастап, 2016 жылы зейнет жасына шыққанша ҚР аумақтық инспекциясының басшысы қызметін атқарды. Еліне өзіндік еңбегі бар азамат, отбасымыздың қорғаны 2022 жылы дүниеден өтті. Артында бір ұлы мен екі қызы қалды.

Еңбек жолында үздіксіз абыройлы қызмет еткен Кеңестің еңбегі еленіп, қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Оның «Еңбек даңқы» төс белгісі, Құрмет грамоталары мен  алғыс хаттары кейінгі ұрпақтарына қалдырған адал еңбектің ақиқатындай сақтаулы.

Ал енді мен өзім жайында айтатын болсам, 1958 жылы 2 қаңтарда Алматы облысы Жаркент ауданы Қоңырөлең ауылында әкем  Қасен мен шешем Алиханның шаңырағында дүниеге келдім. Отбасымыздағы 14 баланың екіншісімін. Бертін келе үш бауырым дүниеден өтті. 1975 жылы  Қоңырөлең орта  мектебін «Алтын белгімен» бітіріп, сол жылы Алматы зооветеринариялық институның «мал дәрігері» бөліміне оқуға түстім. Студент болып жүріп,  сол кезде  жолдасым Кеңеспен таныстым.

Таныстығымыздың өзі есте қаларлықтай қызық болды. Айналасын күлдіріп, әзілдесіп жүретін жігіт, ел естімеген сыйымен таңқалдырып, танысқан болатынбыз. Бір семестрге дайындалып жүрген кезіміз, оқу орнының кітапханасы толған студент, бір кезде қолында жылқының бас сүйегі бар, «бұл сізге керек болар» деп, соны маған әкеліп, беріп тұр. Мен не жыларымды, не күлерімді білмей қалдым. Қасымдағы қыздар қыран-топан күліп жатыр. Сол күні анатомия сабағынан малдың бас сүйегін оқып жатқанбыз. Содан не керек, таныстық солай жалғасты ғой. Сол оқиғаның селбеуімен 1979 жылы студент бола жүріп, отау құрдық. Сөйтіп, 1980  жылы екеуміз институтты бірге бітіріп, Ақтөбе өңірінен бір-ақ шықтық.

Осында келгенде Алматы жақтың қызы екенімді айтқанда да әзілқой азаматым «Қыз бен қойдың жүрмейтін жері жоқ ғой» деп әзілдеп отыратын. Әрі қарай несіне айта берейін, жолдасым қайда болса, менде сонда болдым. Ол қай жерде жүрсе де басшылық қызметте болды. Мен  ауылдық жерлерде жеке үйлерге мал дәрігері болып еңбек еттім.

Бір айта кететін жайт, 1985 жылы Шалқар аудандық ветеринариялық лабораториясында серолог дәрігер, 2001-2003 жылдары Қарғалы аудандық аумақтық басқармасында маман болып жүрген жерімнен, бір отбасынан екі адам мемлекеттік мекемеде жұмыс жасауға болмайды деген талапқа сәйкес 2003 жылы аудандық зертхана мекемесінің меңгерушісі болып қызмет етіп, сол мекемеден 2017 жылы зейнеткерлік демалысқа шықтым.

Еткен еңбегіме қарай марапаттан да құр емеспін. «Еңбек даңқы» төс белгісімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық» ШЖҚ  РМК мекемесінің Алғыс хатымен, 2024 жылы Мемлекеттік қызметкерлері күніне орай аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталдым.

Қазір енді әкесінің тұяғы ұлым Азаматтан 3 немере, өрісім дейтін қызының үлкені Құрманайдан 4 немере сүйіп отырған әжемін. Сондай-ақ, осы балаларымның шат күлкісіне кенеліп, олардың тілеуін тілеп отырған  анамын. Оған қоса аудан орталығындағы  қарттар мен зейнеткерлерді қолдау, оларға рухани-әлеуметтік көмек көрсету мақсатындағы «Белсенді ұзақ өмір орталығына» барып, қатарластарыммен әңгімелесіп, түрлі ойындарға қатысып, бой сергітіп қайтамын. Міне, осылайша қарттықтың алды өтіп жатыр. Осы сәтті пайдалана отырып, ауданымыздағы барша ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтаймын. Шаруаларымыздың еңбегі ақталып, еңбектерінің жемісін көре берсін демекпін.

-Әңгімеңізге рахмет.

Расында, еңбектің жемісі де, жеңісі де ерекше. Оған бүгінгі кейіпкерлеріміздің өмірі дәлел. Өйткені, бақытын қарапайым еңбектен тапқан отбасының жүріп өткен жолы өнеге.

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ