ТІРЛГІ БІР ҚОС ҰЛТ ӨКІЛІ

Қазақстанның байтақ даласы бүгінде 130-дан аса ұлт өкілдеріне ортақ отан болып келеді. Сол себепті де1 мамыр — халқымыздың  бірлігі күні болып құрмет тұтылып, жылда кең мазмұнда атап өтіледі.

         Қазақстанның бірлігі күні барлық  бала-бақшадан бастап, жоғарғы оқу орындары, жекеменшік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер бұл күнді  бірлікке шақырар үндеудей атап өтеді. Мақсат — Қазақстан халқының бірлігін насихаттау, жастарды  ынтымақтастық өмірге тәрбиелеу.

         Бізде шағын ауданда бірлікте еңбек етіп, елім-жерім деп жүрген 17 ұлт өкілдерін дәріптеу барысында аудандағы жарасымды ұлт өкілдерінің отбасылық бірлігін аудан жұртшылығына жылда айтулы мерекеде таныстырып келеміз.

      Солардың бірі Степной ауылының тұрғындары  Рахмет пен Майяның жарасымдары жайлы болмақ.

Рахмет Жабатов Новоресей ауданы (қазіргі Хромтау ауданы, Аққұдық ауылының) тумасы. Сол жерде өсіп-өніп  Хромтау ауданындағы Матвеевка кәсіби техникалық училищесінің «механизатор» бөлімін бітіреді.

Кейіннен Степной ауылына қоныс аударып, 1977 жылы әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын Ресей елінің Марийский  автономиясының Йошкар-Ола қаласындағы әскери құрылыс баталионында өтейді. Әскерде жүргенде зауыттан баталионына нан тасып жүріп,  Майямен танысады. Осылайша екеуінің таныстықтары жарасымды отбасына айналады.

1979 жылы әскерден қайтқан кезде, тәуекелі мол өзге елге келін болған Майя Сергейқызын Степной ауылына келін қылып алып келеді. Майя жақындарымен телефон арқылы хабарласып тұрады. Ол бүгінгі күні салихалы әже, қазақы салт-дәстүрді құрмет тұтып, ұстанатын нағыз қазақ келіні. Қазақша түсінсе де, сөйлеуге орашолақтау.

Жарасымды отбасы Степной ауылында 45 жылдай мекен етіп келеді.  Рахмет тракторшы, ал Майя аспазшы болып ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. Бүгінгі күні екеуі де зейнеткер. Жарасымды жандардың бір ұл, екі қызы бар. Ұлы мен бір қызы Сазды орта мектебінде мұғалімдік қызмет жасайды. Қазіргі таңда үш немере мен үш жиеннің күлкісіне кенеліп отырған қос ұлт өкілі еліне сыйлы жандар. Майяның ыссы бауырсағын аңсайтын құрбылары да баршылық.

Біз де ынтымақ мерекесіне орай бірлігі жарасқан қос ұлт өкіліне бақтарың бастарыңда, ұрпақтарың қастарыңда ұлтқа үлгі көрсетіп, әдемі қартайыңыздар демекпіз!

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»