Тіл — атадан қалған аманат
Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл деп ұлттық рухтың, болмыстық негізі де арқауы да тіл екендігін атап көрсетсе, классиктер халықтың мәңгі ғұмыры тілінде екенін, сондай-ақ ұлттың ұлт болуы үшін қажетті бірінші шарт, тілінің болуы керектігін алға тартқан. Қазақ тілі — тау бұлағы секілді таза, күннің жарығы секілді нұрлы, кесіп түсер қылыш секілді өткір тіл. Тұғыры биік тіліміз төрімізден орын алмас бұрын көптеген кедергілер мен тосқауылдарға ұшырағаны тарихтан мәлім. Бірақ қазақ халқының бағына туған таудай ірі тұлғаларымыздың арқасында қазақ тіліміз шұбарланбай өз бірегейлігін сақтап қалды.
Тілдің аясын кеңейтуге тәуелсіздік таңы атқалы 33 жылдан бері жұмыстар жасалып келеді. Жетістіктер де жетерлік ауылдық өңірлердегі тілге деген тірлікте баршылық.
Осы орайда «Халықаралық қазақ тілі «қоғамының аудандық филиал төрайымы Рита Шаметованы әңгімеге тартқан болатынбыз.
-Рита Құбайдоллақызы, ауданда тілдің абыройын арттыру барысын баяндап өтсеңіз?
— Иә, қазақ тілінің қоғамдық ортаны әрі қарай қалыптастыруына ықпал жасайтын факторлар білім беру, мәдениет БАҚ-тар жүйесімен мемлекеттік тілде іс-қағаздарының жүргізілуін қадағалайтын тіл дамыту бөлімдері. Осы ретте бүгінгі күні мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ауқымды шаралар жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында ауданда мемлекеттік тілдің әлеуметтік функцияларын арттыру үшін барлық алғы шарттар бар екенін сеніммен айтуға болады. «Тіл туралы» заңнаманың орындалуына мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда аудан әкіміне қарасты мемлекеттік органдарда іс-қағаздарының мемлекеттік тілдегі үлесі 100 пайыз деп айта аламыз.
-Аудандағы жарнама мен көрнекі ақпаратта «Тіл туралы» заңнаманың сақталуына мониторинг жүргізілу бағыты қалай?
-Ауданда тілдік ахуалға сараптама жасайтын тіл және ономастика жөніндегі жұмыс топтары құрылған.Топтың негізгі міндеті аудан аумағындағы мемлекеттік мекемелерде, кәсіпкерлік нысандарда Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңның орындалуына, сондай-ақ ономастика мәселелеріне бақылау жүргізу, көрнекі ақпарат құралдары мен маңдайша жазуларының заң нормаларына сәйкестігіне зерделеу жүргізіп әдістемелік көмек көрсету болып табылады.
-Рита Құбайдоллақызы, сөзіңіз аузыңызда, маңдайша жазулары біздің аудандағы сауда орындарында жазылуы қалай?
-Дұрыс сұрақ. Сөздің шыны керек, 100 пайыз қазақы тіл, қазақы нышанда деп мақтана алмаймыз. Мониторингі жүргізу барысында кейбір байқағанымызға көрнекі ақпарат мәтіндерінің, деректемелердің тілдік нормаларға сай, сауатты мазмұнды рәсімделуіне әдістемелік көмек көрсетіліп ескертілді.
-Әрине, сізге бір жылда бәрін аяққа тұрғыздыңыз ба деу әбестік болар… Сонда да алдыңғы жұмыстар жалғасын табуы керек қой?
-Әрине, кім-кімде жұмысты жалғастыруы қажет қой. Жалпы ауданда тіл саласында жетістіктер бар. Әсіресе, 1998 жылдан бері талай тірлік болды. Соның арқасында біздің ауданда қазақ өнер, салт-дәстүр, қазақы тіл байлығымызбен талайды мойындаттық. Қазақ тілінде оқитын балабақша мен мектептерде балалар саны көбеюде. Мектептердегі өзге ұлтты оқушылар сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
-Солай деп ауыз толтыра айтсақ та мәселелер жоқ, деп айта аламыз ба?
-Айтуыңыз орынды. Тілді қолдаймыз деген аудандағы «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері 604 адам болуының өзі осалдықты байқатады дер едім. Кейбір ақпараттық жарнама, дүкендердің маңдайшаларында қателіктер кетіп жатады.
-Осындай біліп-білмей мемлекеттік тілді қолдану ережесін бұзғандарға не айтар едіңіз?
-Ескертіп, еске салу тіл жанашырларының міндеті. Сондықтан, ресми мәнде айтарым.
-«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістермен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қолданысқа енгізіліп, мүмкіндіктер ашуда.
-Аудан жұртшылығына сұхбатымыздың түйінін түйіндесеңіз?
-Биыл төртінші қаңтарда аудандағы тілдерді дамыту мамандары, тілдерді оқыту мекемесінің қызметкерлері Бадамшадағы сауда орындарында болып, түсінік жұмыстарын жүргізіп, биылғы тіл төңірегіндегі тірлікті бастап кетті. Шама келгенше аудан тұрғындарына тіл төңірегіндегі тірлікті жеткіздім. Данышпан Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегені ұлттық тұтастығымыздың ұраны десек, берекеміздің арқауы, тіліміздің төрде болуына әрқайсымыз ат салысып, азаматтық борышымызды атқарғанымыз абзал дер едім…
-Біз де еңбегіңізге жеміс тілей келе, тіл ұлттың жаны, халықтығының асыл белгісі, намысы, тыныс-тіршілігінің көзі, Ата Заңмен қорғалатын еркіндігінің үні. Оны құрметтеп қорғау келешек ұрпаққа жеткізу, бізге аманат. Ендеше, тіл жанашырларын қолдап, тіліміздің тұғыры биік болуы үшін жұмылайық дегіміз келеді.
Әңгімелескен: Бақыт Имашев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тіл жанашыры.