Тарихи сәттің куәсі болған сәбиге ерекше құрмет көрсетті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жеткені туралы ақжолтай жаңалықты көпшілікке жеткізген еді.
-«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді»,- деген лебізін білдірді.
Сүйіншілеткен жаңалыққа орай еліміздегі барлық перзентханадағы 20 миллионшы болып өмірге келген сәбилерге ерекше құрмет көрсетілді.


Осынау қуанышты жаңалық қарсаңында біздің ауданымызда да аталмыш тарихи сәттің куәсі болып, бір сәби дүниеге келді. Осы орайда жаңа босанған ана мен сәбиді аудан әкімі атынан аудандық қоғамдастық өкілдері, «AMANAT» партиясы, қоғам белсенділері мен медицина қызметкерлері құттықтап, құрмет көрсетті. Дүние есігін аша ерекше құрметке ие болған сәбидің анасы аудан тұрғыны Мейрамгүл Тайжанова.

Сондай-ақ, құттықтаушылар дүниеге келген «кесте тігердің» ата-аналарына кішкентай сәбидің бауы берік болсын, өмір жасы ұзақ болсын, отбасының көз қуанышы болсын деген тілектерін жаудырды.

Еске сала кетсек, 14 қарашада еліміздегі халық саны 20 миллионға жетті. Бес бірдей нәресте еліміздің 20 миллионшы тұрғыны атанғандығы жайында хабарлаған еді.
Ұлттық статистика бюро мәліметінше, Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 08:10-да өмірге келген бес бала халық санының артуына себепші болды. Олар Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келген сәбилер. Нәрестелердің үшеуі ұл, екеуі қыз бала.

Жұлдыз КЕНЖЕ.