ТАРИХ ПЕН ТҰЛҒА ТАҚЫРЫБЫ

ТАРИХ ПЕН ТҰЛҒА ТАҚЫРЫБЫ

«Ымырттағы кітапхана» шарасы аясында «Тарих пен тұлға» атты пікірталас ұйымдастырылды.

2 наурыз күні аудандық кітапханасында «Ымырттағы кітапхана» әлеуметтік-мәдени іс-шарасы ұйымдастырылды. Наурыз мерекесін тойлаудың шежіре күні аясында «Тарих пен тұлға» тақырыбында Әбілқайыр ханның 330 жылдығына арналған еркін пікірталас алаңы, Ақтөбе қаласының тарихына арналған «Құтты мекен – Ақтөбе!» атты Kahoot ойыны өткізілді.

Шара басында кітапхана қызметкері Назекен Мәтбаева «Ымырттағы кітапхана» акциясының мақсаты мен шежіре күні жайлы мәлімет берді. Еркін пікірталасқа аудан ардагерлері Сүлеймен Омаров ағай мен Зинелғабдин Дербиспаев ағай аға буын ретінде тарих қойнауынан сыр шертіп, Әбілқайыр ханның тарихи тұлғасына өзіндік бағаларын берді. Жас буын оқушылар сол кездегі Әбілқайыр ханның саяси қадамдары кейінгі 70 жылғы тарихи оқиғаларға себепші болғанын тілге тиек етті.

Пікірталаста аға буын жас өрендердің еліміздің тарихына деген көзқарастарына, тарихи оқиғаларға өзіндік баға бере білуіне, елдің бүгіні мен ертеңіне деген жанашырлығына риза болып, батасын берді. Қанат Талапбайұлы Әбілқайыр ханның тарихтағы алған бағасына, оның ел үшін жасаған еңбегіне, бұл тақырып ғылыми тұрғыдан әлі де терең зерттелуі керек екеніне тоқталып, жас буын оқушыларды Әбілқайыр хан туралы жазылған көркем әдебиеттерді оқуға шақырды. «Құтты мекен – Ақтөбе» бөлімінде оқушылар Kahoot ойынын аса қызығушылықпен ойнады. Ақтөбе қаласының тарихы мен бүгіні, Ақтөбенің танымал тұлғалары туралы сұрақты қамтыған ойын өте тартысты өтті.

Оқушылар ойын сұрақтарына белсенділікпен жауап беріп, үздік шыққандар сыйлықтармен марапатталды. Кеш соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асхат Айжарықов пен кітапхана директоры Нұргүл Мысаева шараға қатысқан ардагерлерге, оқушыларға, ұстаздарға алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.

Алина Мухамедиярқызы.