ТАБЫС КӨЗІН ТАПҚАН ОТБАСЫ

ТАБЫС КӨЗІН ТАПҚАН ОТБАСЫ

Қандай да болмасын кейіпкердің өзіндік ерекшелігі болып жатады. Біз сөз еткелі отырған Дельфуза қазақта сирек кезігетін есім. Оған қоса ақпан айында жылда бір келетін 29 жұлдызында дүние есігін ашқан.  34 жастағы 6 баланың анасы. Автокөлігі аз ауылдық жерде тәуекел етіп, автокөліктің дөңгелегін ауыстырып, жөндеу цехын ашып, отбасылық кәсібін бастаған ару.

Желтау ауылдық округі Петропавл ауылының тұрғындары отбасылы Саламат Шамуратов пен кәсіп ашуға тәуекел еткен көпбалалы ана Дельфуза Бекназарова Қарақалпақстан республикасының тумалары.

Ата-аналары 2004 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударған қандастар. Екеуі де мал шаруашылығы маманы дәлірек айтқанда мал дәрігері болғандықтан, осы Петропавл ауылына келіп еңбек етіп зейнет жасына шығады. Дельфузаның мамандығы бастауыш сыныбының мұғалімі, жолдасы техника тілін меңгерген маман.

ТАБЫС КӨЗІН ТАПҚАН ОТБАСЫ

Көпбалалы ана Дельфуза ағымдағы жылдың тамызында «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, сертификат алады. Комиссияға автокөліктердің дөңгелегін ауыстыру,  жөндеу бойынша бизнес жобасын ұсынып, оң шешімін алған көпбалалы отбасы іске кіріседі.

Бастамасы да жаман емес. Автодүкен ұйымдастыруға Дельфуза өзі жетекшілік етсе, жолдасы Саламат Шамуратов автокөліктердің сынығын дәнекерлеп, дөңгелектерін қалыпқа келтіріп жолаушыға ақ жол тілеп кәсіптерін дөңгелетіп отырған отбасының отағасы. Отбасы өз кәсіптерін әлі де дамытып, келер жылы тағы да 2 маман алуға ниетті. Қыс пен көктем арасында келушілер қарасы көбейеді дейді. Қазір жағдайымыз жақсы, ең бастысы кәсіп бар.

Осындай кәсіп ашуға бағыт беріп, жол сілтеген ауылдық округі әкімдігі мен аудандық сала басшыларына рахметін айтқан Дельфуза Мырзалықызы өз әңгімесін — «Еңбек етем дегендерге ауылда да мүмкіншілік мол, тек ізденіс керек», — деген сөзімен  жастарды ауылға тартқандай болды.

Бақыт Имашев.