Сыбайлас жемқорлықпен күрес — ортақ міндет
Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы індетпен күресу болып табылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Заңдылықтың сақталуында мемлекеттік қызметшілер өзгелерге үлгі болуы керек. Мемлекеттік қызметші — халықтың айнасы.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Түркістан қаласында өткен құрылтайда сөйлеген сөзінде дана Абай “Адал еңбекпен мал таппақ — арлы адамның ісі”. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды, жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтқанда қоғамдағы ізгіліктің барлығы адалдықтан бастау алады» деген болатын.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының түрлі себептері бар. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби дағдыларының жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да сыбайлас жемқорлыққа алып келеді. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын орындауда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлыққа жол беруі мүмкін.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына алып келеді. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс.
Кемпірсай ауылдық округі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жасалуда. Азаматтарға арналған ашықтық принципін қалыптастыру мақсатында ауыл тұрғындарымен тікелей байланыста болып, кездесулер жасалады. Әлеуметтік желі парақшаларында сыбайлас жемқорлыққа қатысты жарияланымдар шығарылып отырады.
Бюджет қаражатының игерілуінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында, барлық мемлекеттік мекеме қаражаттары «Ашық бюджет», жергілікті әкімдік сайттарында жарияланып, әр ай сайын қаражат қозғалысы көрсетіліп отырады.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру мақсатында «Ақтөбе-адалдық алаңы» жобасының аясында Кемпірсай ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында «Ашық әкімдік» кеңсесі және өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс жасауда.
Жүргізіліп отырған жұмыстардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлық жағдайлары орын алған жоқ.
Әрине, сыбайлас жемқорлық бір күнде емделетін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаға зиянын тигізіп, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде.
Н. ЖАМЕКОВ,
Кемпірсай ауылдық округінің әкімі