«Сыбаға» фестивалі: Ақтөбеде қолөнер шеберлері мен этнодизайнерлер бас қосты

Шаһар басшысы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, ауқымды фестивальге жұмыла қатысуға шақырды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталған еді. Олар — тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Президент: «Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда әлемнен лайықты орнын табады», — деп атап өтті. Ұлттық құндылықтарымызды қазіргі үрдістермен үйлестіре білуіміз керек. Жаңа қоғамдық этика қалыптастыру үшін бірлік, әділдік, тілектестік, сенім, жауапкершілік керек. Сондықтан ұлттық тәрбиені күшейтіп, салт-дәстүрлерімізді насихаттауымыз керек. «Сыбаға» фестивалінің ауқымын кеңейтіп, аудан көлемінде де ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуға тиіс. Фестивальдің соңғы күні кәсіпкерлердің қолдауымен қайырымдылық акциясы өтеді. Оған өңірімізге белгілі шаруа қожалықтарының иелері қатысады, — деді облыс әкімі.
Іс-шара аясында көрме-жәрмеңке, шеберлік сағаттар ұйымдастырылды. Оған 40-қа жуық қолөнер шебері мен 10-нан астам дизайнерлер қатысты. Фестиваль соңы сән көрсетіліміне ұласты. Ауқымды іс-шара 6 желтоқсанға дейін жалғасады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.