Су тасқыны кезінде жұқпалы аурулардың алдын алу

Қыс мезгілінде жиналған  қоқыспен бірге жұқпалы аурулардың  қоздырғыштары көктемде еріген қар мен мұзбен бірге өзендер, құдықтағы суларға түсіп, суды ластайтыны белгілі. Осыған байланысты су жолымен қандай жұқпалы және жұқпалы емес аурулар беріледі деген  сұрақ көпшілікті мазалайтыны рас. Осы орайда біз де бұл маңызды мәселенің мән-жайын анықтау үшін аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айнагуль Бержановамен тілдескен едік.

Су тасқыны маусымы – құбырдағы су сапасы сөзсіз нашарлайтын уақыт. Ендеше, осы жағдайларға байланысты түсінік бере кетсеңіз?

-Иә, дұрыс айтасыз. Су тасқыны үйлерді, шаруа­шылық ферма­ларды су басуы мен мүліктердің жарамсыз болуы­мен ғана қауіпті емес, соны­мен қатар дизентерия, іш тифі, А және В паратифі, тырысқақ, ротавирусты инфек­циялар сияқты ішек инфек­цияларының қолайсыз эпиде­мия­лық жағдайларының өр­шуіне де әкеліп соқтырады. Бұл факті бірден бірнеше себептерге байланысты. Нақтырақ айтар болсам, біріншіден, орталықтандырылған тазартуға түсетін су сапасының көрсеткіштері өзендердің жерасты және ағынды суларының маусымдық ластануына байланысты күрт төмендейді. Екіншіден, әртүрлі ластаушы заттарды жинаған қар ериді. Егер ауыз сумен жабдықтау көзіне жақын жерде қоқыс полигондары, мал қорымдары, мұнай базалары, қоймалар немесе улы химикаттар мен пестицидтер шығаратын кәсіпорындар болса, бұл әсіресе қауіпті. Үшіншіден, қалалық су тазарту станцияларында ауыз суға түсетін химиялық реагенттердің, қалдық концентрациялардың дозалануы артады.

-Демек бұлақтар мен құдықтардағы сулар да қауіпті ме?

Өкінішке қарай, бұлақтар мен құдықтар да эпидемиологиялық тұрғыдан сенімсіз, өйткені мұндай көздердің толығуы негізінен жер бетіне жақын орналасқан қорғалмаған сулы қабаттардан келеді және олардағы судың сапасы көбінесе жыл мезгіліне, көздің жабдықталуына және іргелес аумақтың санитариялық жағдайына байланысты болады.

-Адам денсаулығына қандай кері әсерлері бар?

-Әрине, кері әсерлері өте көп. Мәселен, судың иісі пайда болып, ол лайланады. Ал судағы хлордың қалдық мөлшері күрт артады. Бұл химиялық қосылыс адам ағзасына кері әсер етеді, салдарынан адам денсаулығына қаупі өте күшті канцерогендер болып табылатын бірқатар хлорорганикалық қосылыстар түзіледі. Бұл жағдайда, әдетте, хлор ұшып кетуі үшін суды ашық контейнерде ұстау ұсынылады. Бірақ халық үшін ең жақсы ұсыным – анағұрлым қауіпсіз саналатын бөтелкедегі суды ішу. Сүзгілер судың нашарлауымен күресуі мүмкін, бірақ оларды таңдағанда мұқият болу керек. Сонымен қатар, оларды үнемі ауыстыру керек. Егер бұл назардан тыс қалса, судың сапасы одан да нашарлауы мүмкін.

-Қандай жұқпалы аурулар тудыруы мүмкін?

Су жіті ішек инфекциялары (дизентерия, сальмонеллез, іш сүзегі) және А гепатиті сияқты әртүрлі жұқпалы аурулардың таралу факторы да болуы мүмкін. Ауру қоздырғыштары ағзаға ішуге және күнделікті тұрмыста шикі суды  пайдалану кезінде түсе алады (жемістер мен көкөністерді жуу, балалар ыдыстарын, емізік пен ойыншықтарды шаю және сіңдіру) және т.б.

-Олай болса су тасқыны кезеңінде жұқпалы аурулардың алдын алу үшін халыққа қандай кеңес берер едіңіз?

-Өте орынды сауал. Су тасқыны кезінде инфек­циялық және паразитарлық аурулардан сақтану үшін қара­пайым әрі тиімді қағидаларды ұстану керек. Олар:

— бөтелкедегі су, жарамдылық мерзімі ұзартылған азық-түлік қорын жасау, оларды су басып қалмау үшін қолжетімсіз жерлерде мүмкіндігінше жоғары орналастыру;

— ішуге және тамақ дайындауға тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды қолдану;

— тасқын суға малынған тамақ өнімдерін пайдаланбау;

— көкөністер мен жемістерді шикі күйінде жеген кезде оларды сумен (бөтелкеде немесе қайнатылған) жақсылап шаю, қайнаған суды үстінен құю;

— аурудың алғашқы белгілері кезінде өзін-өзі емдеумен айналыспау, дереу денсаулық сақтау мекемесіне медициналық көмекке жүгіну.

Ал су тасқынынан кейін:

— кейіннен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығару үшін ауланы су әкелген қоқыстардан тазалау;

— жеке учаскеде жұмыс істегенде, ластанған қолдардағы инфекция ағзаға енбеуі үшін қолды қорғау құралдарын қолдану, жұмыс кезінде тамақ ішпеу немесе темекі шекпеу;

— жеке үй учаскесінде шаңның пайда болуына байланысты жұмыстарды орындау кезінде ауыз бен мұрынды медициналық маскамен немесе дәкемен таңып жабу. Су басқан жерлерде бұлақтардан су ішпеу және тұрмыстық қажеттіліктер үшін табиғи су қоймаларының суын пайдаланбау.

Ескерте кететін жайт, сіз алдын алу шараларын орындау арқылы жіті ішек инфекцияларынан сақтанасыз және денсаулығыңызды қорғай аласыз. Өйткені, гигиеналық  ережелерді сақтау Сізді көптеген аурулардан қорғайды!

Әңгімелескен Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА