Шәмшіліктер шашу шашқан кеш

Бадамша ауылында дәстүрге айналған «Ауыл күні» жобасы тағы бір тағылымды кешпен жалғасын тапты.


Бұл жолы шежірелі тарихын қадір тұтып, ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген Шәмші ауылы өз өнері мен өнегесін көпшілікке паш етті.

Шараның негізгі мақсаты – ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту, еңбек адамдарының үлгілі ісін дәріптеу және өскелең ұрпақты туған жерді сүюге тәрбиелеу болатын.
Осы орайда өткен сенбіде орталық саябақта ұйымдастырылған мерекелік кеш ұлттық нақышпен безендірілген киіз үйде бастау алды. Шараны Шәмші ауылының әкімі Самат Изтлеуов ашып, ауыл тұрғындары мен қонақтарға жүрекжарды тілегін арнады.
Киіз үйдің төріне жайғасқан қонақтарды ақ жаулықты әжелер шашу шашып қарсы алып, дәстүрге сай балалар құманмен су құйып, үлкендердің батасын алды. Бұл көріністер сахналық қойылым емес, нағыз халықтық салттың айғағындай әсер қалдырды.
Мереке барысында «Ауыл күндері» байқауы аясында аналар жүн түтіп, ұршық иіріп, көнеден жеткен тұрмыстық көріністерді көрсетті. Қазан-ошақта пісірілген бауырсақтың иісі саябақты жайлап, келген көпшілікке ұлттық тағам ұсынылды.
Сондай-ақ, шарада көрме ұйымдастырылып, ұлы ойшыл Абайдың «Әлемді аралаған сөз» атты жаңа еңбегінің тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған бұрыш та көпшіліктің назарын аудартты.
Шәмші ауылының мәдени күндері ауылдың өткені мен бүгінін байланыстырып, тарих пен тіршілікті қатар өрнектеген тағылымды кешке айналды. Көрмеде ауыл еңбеккерлерінің пайдаланған көне құрал-саймандары мен құнды жәдігерлер таныстырылып, жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады.
Кішкентай бүлдіршіндер де назардан тыс қалмады – олардың бетіне түрлі суреттер салынған ойын алаңдары ұйымдастырылып, шаттыққа толы сәттер сыйлады.
Мәдени кеште ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, ауыл өнімдері тиімді бағада ұсынылды.
Ұлттық спорт түрлерінен – қол күрес, гір тасын көтеру, қой көтеру сынды сайыстар да ұйымдастырылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды.

Сахна төрінде өнерпаздар Шәмшінің жүрек тебірентер әндерін орындап, ұлттық киім киген қыз-келіншектер мың бұрала билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында аспанға түрлі түсті әуе шарлары ұшырылып, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында ауыл әкімі С.Изтлеуов ауыл ақсақалдарына құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыстады. Ақсақалдар да өз ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.
Бұл мереке — бір ғана ауылдың емес, бүкіл аудан жұртшылығының рухани бірлігінің көрінісі болды. Ұлттық болмыс пен қазіргі тірлікті астастырған «Ауыл күні» шарасы ел жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Бақыт ИМАШЕВ