ШАҒЫН АУЫЛДАҒЫ ҮЛКЕН ТОЙ
Баршаға белгілі аталмыш ауылдық округтің ең алғаш Велихов ауылы болып қалыптасып, түрлі ұлт өкілдері мекен еткеніне биыл 110 жыл толып отыр. Тарихи деректерге сүйенсек, осы өңірге ең алғаш жер өлшеуші маман Велихов келіп жұмыс жасап, ауылдың аты сол кісінің есімімен аталып кеткен деседі.
Содан бері ауыл талай тарих дөңгелегіне ілесіп, бүгінгі күні еліміздің тәуелсіздік таңына да жетті. Еліміздің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан шағын ауылда бірнеше ұлт өкілдері ауызбіршілікте тату-тәтті тіршілік кешіп келеді.
Сол бірлік пен ұйымшылдықтың нәтижесінде өткен аптаның сенбісінде шағын ауылдың алғаш іргетасы қаланғанына 110 жыл толуына орай дүбірлі той өтті.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев қатысып, жиылған барша жұртшылыққа аудан әкімінің құттықтау тілегін жеткізді.
Одан соң Велихов ауылдық округінің әкімі Жолдас Карагулов ауыл тұрғындарын айтулы мерейтоймен құттықтап, осы іс-шараның өткізудегі маңыздылығына тоқталды.
-Бүгінгі өткізіліп отырған іс-шараның маңызы зор. Ғасырдан астам тарихы бар киелі ауылымыз бүгінгі күні өркендеп келеді. Жалпы алғанда қазір ауыл тұрғындарының санын көбейтіп, көбірек жас мамандарды шақырып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрсете отырып, ауылымыздың болашағын қалыптастырудамыз. Ең бастысы ауылға келіп, қызмет жасаймын деушілерге мүмкіндік туғызу. Ауыл жылдан жылға дамып келеді. Мінекей, бір-екі жылда ауылымызға көгілдір отын да келеді. Осы мақсаттағы құжаттар дайын. Сәтін салса бұл жұмыс та басталады,- деген жерлестерінің басты армандарын да тілге тиек етті.
Алыс-жақыннан жиылған қонақтардың қарасы да көп болып, ауылдың орталық саябағы думанға айналды.
Мерекеге орай ауыл тұрғындары қонақтарға ақ дастархан жайып, бауырсақтар таратып, көптеген мерекелік ас мәзірін ұсынды.
Сонымен қатар, шараны тамашалаушы қонақтар жергілікті суретші Елена Эккерттің қыл қаламынан шыққан әсем туындыларын тамашалады. Ауыл тұрғындарын қолдап, оларды дәріптеу мақсатында «Үздік аула», «Үздік отбасы» және «Ең үздік тұрғын» атты сайыстар ұйымдастырылды. Байқау нәтижесінде Жамит Утаровтың отбасы «Үздік аула», ал Михаил Редковолосовтың жанұясы «Ең үздік отбасы» атанса, Анна Пашкеевичтер «Ең үздік тұрғын» атағына ие болды. Жеңімпаздар ауылдық округінің Алғыс хаттарымен марапатталып, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Шара барысында көркем өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынып, ауыл аспанын әсем әуенге бөледі.
Қандайда іс-шараның демеушілердің қолдауымен өтетінін ескерсек, шағын ауылдағы үлкен тойдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан аталмыш ауылдағы «Алина-Холдинг», «ДиЛэнд» ЖШСмен қатар осы ауылмен бірге жасап келе жатқан «Велихов» ЖШС, «Рождественка» шаруа қожалықтарының еңбегі зор.
Сондай-ақ, осы ауылдың депутаты Асан Балғазин балаларға үрмелі ойыншық сыйлап, оларды мерекелік шаттыққа бөледі.
Ең бастысы ауыл тұрғындары да бір кісідей жұмылып, іс-шараның әсерлі өтуіне белсенділік танытып, атсалысты.
Осылайша, бұл мерекеде ауыл тұрғындары алдағы уақытта көгілдір отын келіп, қызығын көреміз деген үлкен сеніммен, ерекше әсермен шат көңілде тарқасты.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»