СЕНІМ МЕН ЖЫЛУЛЫҚҚА ТОЛЫ КҮН

Өткен аптада аудан орталығындағы «Сенім» отбасын қолдау орталығында «Әкем — тірегім, анам — жүрегім» атты ашық есік күні өтті.
Шараның басты мақсаты — отбасылық құндылықтарды насихаттау, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру және ата-аналар мен балалар арасында тығыз қарым-қатынас орнату, сондай-ақ, тұрғындарға орталық қызметтерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беру, ашық диалог орнату және нақты көмек көрсету болды.
Күні бойы орталық қабырғасында түрлі тағдырлар тоғысып, ауыл тұрғындары әртүрлі мәселелерімен жүгінді. Аталмыш орталықтың заңгері Николай Смолинец, психолог Інжу Жолдыбаева және орталықтың маманы Әмина Биисова кеңес алушыларға бала құқығы, несие, отбасылық жағдайларға қатысты кеңес берді.
Сонымен қатар, ашық есік күні балалар үшін де есте қаларлықтай болды. Өйткені, балалар мен ұстаздар үшін арнайы интерактивті ойын алаңы ұйымдастырылып, онда балалар отбасы мен қамқорлық тақырыбында сурет салып, топтық ойындар ойнап, мейірімділік пен құрмет тақырыбында еркін әңгімелесті. Сондай-ақ, кішкентай бүлдіршіндерге тәттілер таратылып, олардың жүзіне қуаныш сыйлады.
– Біздің орталықтың басты мақсаты — отбасыларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету, олардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ету. Бұл шараға келген отбасылар мамандардан өздерін толғандырған түрлі мәселелер бойынша кеңес алды. Біз барлығын ықыласпен тыңдап, жан-жақты кеңес беріп, әрқайсысына оң шешім табуға тырыстық. Ашық есік күні – бұл тек іс-шара емес, бұл сенім мен қолдауға мұқтаж жандармен жүректен жүрекке сырласу сәті. Бізге келген әр жанға алғысымыз шексіз. Тұрғындарымыздың сенімдері – біздің жұмысымыздың ең үлкен бағасы,-дейді аудандық «Сенім» отбасын қолдау орталығының директоры Райхан Рахимова.
Осылайша, ашық есік күні орталықтың есігі ғана айқара ашылмай, адамдардың жүрегіне де жол ашылды. Мұнда келген әрбір тұрғын көмек пен қолдау тауып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА